Сырдария ауданында ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов Сырдария ауданының Н.Ілиясов атындағы ауылында өтіп жатқан ауыл әйелдерінің облыстық форумы аясында «Ғасыр ана» номинациясының иегері, 104 жастағы Балшай Маханбетованы марапаттап, одан кейін форум жұмысына қатысты.
Ғасыр куәгері Балшай Маханбетова 1916 жылдың 1 маусымында Арал қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Н.Ілиясов ауылында тұрады. 4 қыз тәрбиелеп өсірген. Сондай-ақ, 18 немере, 19 шөбере, 3 шөпшегі бар. Балшай Маханбетова еңбек жолын 1962 жылы Карл Маркс ауылындағы №132 Тельман атындағы мектепте еден жуушы, 1966-1972 жылдары Карл Маркс ауылында жұмысшы болып қызмет атқарған.1972-1987 жыл аралығында ҚазССР-дің 50 жылдығы ауылында сауда дүкенінде күзетші болған. 1987 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан.
Аймақ басшысы ғасыр жасаған анамен сұқбаттасып, батасын алды. Ары қарай облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов ауыл әйеледерінің форумына қатысты.
Биылғы форумның басты мақсаты – ауыл әйелдерінің қол жеткізген жетістіктерін насихаттау. Рухани жаңғыру міндеттерін, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсету. Сондай-ақ, бүгінгі шараға «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігінің Басқарма төрайымы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Жасыл экономикаға өту Кеңесінің мүшесі Рахимбекова Салтанат Темірқұлқызы мен аталмыш бірлестіктің атқарушы директоры Сүлейменов Асхат Мұратұлы да қатысты.
«Қазіргі таңда жалпы облыс тұрғындарының 47,8 пайызы әйелдер болса, оның 54,7 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Қазір әйелдер барлық салаларда жұмыс істейді. Статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 73 пайызы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің 87 пайызы осы нәзік жандылар болып табылады. Бюджеттік сала қызметкерлерінің 65 пайызы әйелдердің үлесінде. Мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі көп жағдайда олардың кәсібилігінің арқасында жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 35,4 пайыз. Бұған дейін облыста түрлі деңгейдегі депутаттардың 9 пайызын әйелдер құраған болса, соңғы кезектен тыс өткізілген сайлауда депутат әйелдердің саны 21 пайызды құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда да ауылдық жерлердегі әйелдер белсенділік танытып келеді. Бүгінгі таңда өңірдегі кәсіпкер әйелдердің 48,3 пайызы ауылдық жерде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр», - деді облыс әкімі.
Бүгінгі форум аясында кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар мен өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.
Шара барысында өз саласында жетістікке жеткен бір топ нәзік жандылар мен көпбалалы аналар түрлі номинациялар бойынша марапатталды.