Қызылордадағы НЗМ оқушылары бір минутта көп мақал айтудан жарысты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында мақал-мәтелдерді айтудан ерекше сайыс ұйымдастырылды. Нәтижесінде «Күлтегін» тобының зияткер оқушылары бір минутта 40-тан астам нақыл сөз айтып, жеңіске жетті.
Бұл сайыс жаңа оқу жылында бастау алған «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында өткізілді.
Мақсаты – жас ұрпақтың бойына ата-бабамыздан қалған өшпес мұра мақал-мәтелдерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және келелі ой мен кең мазмұнды мақал-мәтелдерді өмірде қолдануға үйрету арқылы оқушылардың тіл байлығын арттыруға бағытталған.
Таңғы жиын кезінде төрт шаңырақ оқушыларына «Білім және достық» тақырыбында мақал айтып жарысу ұсынылды. Шарт бойынша, әр командадан шыққан екі оқушы бір минут ішінде неғұрлым көп мақал айтуы тиіс болатын. Нәтижесінде «Күлтегін» шаңырағының жас өрендері бабамыздан қалған 43 өсиет сөздермен қарсыластарынан алға озып, жеңімпаз атанды.
Айта кету керек, әр айда білім алушылар мен ұстаздар белгілі тақырыпта мақал-мәтелдерді жаттайды. Өздері ізденіп, қазір қолданыста жоқ ескі мақалдармен танысады. Сондай-ақ, олардың мазмұнын талдай отырып, күнделікті тұрмыста қолдануға дағдыланады.
Қыркүйек айында мектеп қауымдастығы отан, ел, жер тақырыбында мақалдар танып білсе, қазан айында оқушылар мен ұстаздар оқу-білім, ғылым мен достық тақырыбындағы нақыл сөздермен білім қоржындарын толықтырды.