Тоқсан жылдық тарихы бар колледж
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданыныдағы іргелі білім ордаларының бірі – Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжіне биыл 90 жыл. Осыған орай аталмыш білім ордасында салтанатты шара өтті. Оған ардагер ұстаздар, білім ордасының түлектері мен әр ауданның колледждерінен келген оқытушылар қатысты.
Колледждің мәдениет үйінде 90 жылдыққа орай өткен салтанатты шарада аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтау сөз сөйледі.
«Еліміздің тұтқа ұстар жастарын тәрбиелеп, оң бағыт беріп келе жатқан Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі өзіндік терең тарихы, бағыт-бағдары бар, тағылымы мол білім шаңырағы. Талайлардың бағын ашып, болашақтарының баспалдағын салып берген бұл білім ордасын біз мақтан етеміз. 90 жылдық тарихы бар колледждің іргетасы 1929 жылы қаланған болатын. Теміржол саласының білікті мамандарын дайындайтын қара шаңырақ осы жылдар ішінде терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырды. Осы жылдар ішінде колледждің материалдық-техникалық базасы нығайған, педагогикалық кадрлар әлеуеті жоғары іргелі де бірегей оқу орнына айналды. Бүгінде бұл оқу орнын бітірген кадрлар облысымыздың, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салаларын дамытып, өркендетуге өз үлестерін қосуда. Соның бірі Геннадий Шиповских десек артық айтқандық емес. Колледжді үздік бітірген Геннадий Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Сондықтан білім бәсекесінде тек аудандық деңгейде ғана емес, облыстық көлемде зор маңызға ие колледждің 90 жылдық мерейтойы – ортақ қуанышымыз», – деді Мұрат Ергешбаев.
Құттықтау сөз сөйлеген соң аудан басшысы бірқатар ұлағатты ұстаздарды облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мұнан кейін облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова, «Қазақстандық салалық Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Кәсіптік білім көкжиегі» газетінің бас редакторы Сексенәлі Раханов колледж ұжымын мерекелерімен құттықтады.
Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің директоры Болатбек Ахметов 90 жылдық тарихы бар колледждің жетістіктеріне тоқталып, мерейтойға қатысқан құрметті қонақтарға алғысын айтты.
Салтанатты шарада Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің 90 жылдығына орай шыққан «Күре жолдың шамшырағы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, құрметті қонақтарға таратылды.
Айта кетейік, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі 1929 жылы 2 қазанда Қазалы паровоз депосының жанында ФЗУ болып ашылған. Елде индустрияландыру қарқын алып жатқан шақта оқу орны экономиканың күре тамыры-теміржол саласының ұсталарын, вагон жөндеушілер мен қараушыларды, вагон ағаш ұсталарын дайындап, өндіріске жіберді.
Мұнан кейін әртүрлі атауларды иеленген оқу орны 2013 жылдың қаңтарынан Қазалы көлік-техникалық колледжі, 2017 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысымен Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі статусын иеленді. Колледжді Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері Болатбек Ахметов басқарады.