Қызылордада тұрғын үй кезегінде тұрған 29 538 адам бар
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша биыл республикалық бюджеттен көпбалалы аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысына және дайын пәтерлерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд теңге қаржы бөлінді.
Осының нәтижесінде 431 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады. Алдағы уақытта 205 пәтердің құрылысы жүргізіліп, 226 пәтер сатып алынады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов мәлімдеді.
«Бүгінде облыс бойынша тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша кезекке тіркелгендер саны 29 538 азаматты құрайды. Оның ішінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» бойынша 12 493, көпбалалы отбасылар санаты бойынша – 3 202 азамат тіркелген. Бірінші кезекте Қызылорда қаласында жұмыс істемейтін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды анықтау үшін құрылған арнайы комиссиямен тұрғын үйді шұғыл қажет ететін 150 отбасын анықтады. Нәтижесінде облыс әкімдігінің бастамасымен «Баламекен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов Қоры» жеке қорының, ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады», - деді Арнұр Нұрмағанбетов.
Сонымен қатар, биыл өңірімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 901 пәтерлі 23 тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйлер, 830 пәтерлі 17 тұрғын үй кредиттік тұрғын үйлер және 266 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебінен жүргізіледі.
Баспасөз конференциясы барысында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев аймақтағы құрылыс нысандарының деңгейі мен сапасына тоқталып өтті. Осы жылы «Doing Business» рейтингі бойынша Республика көлемінде Қызылорда облысы 2-ші орынды иеленді.
«Биыл облыс бойынша 21 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 6-ы 2018 жылдан өтпелі, қалған 15 нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Қазіргі уақытта 2-уі пайдалануға берілсе, 10-ы осы жылдың аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді Марсбек Молдабаев.