Қызылордада цифрлы технологиямен басқарылатын күріш зауыты ашылды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Мағжан и К» ЖШС күріш ақтау зауытының салтанатты ашылуына қатысты.
Бұл зауыт сағатына 5 тонна күрішті өндеуге қуатты. Компания 2005 жылы құрылған. 2009 жылға дейін тек күріш өсірумен айналысып, кейін күріштің элита тұқымын өндіруді жолға қойған. Компанияның егіс көлемі 2005 жылы - 600 гектар болса, 2008 жылы – 5300 гектарға жеткен. Жаңа кәсіпорында қуаттылығы сағатына 5 тонна күріш өндей алатын Оңтүстік Кореяның «DAEWON GSI» күріш өндірудегі цифрлы технологиясы пайдаланылады. Зауыт жаңа технологияның арқасында бір орталықтан автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылады. Бұл зауыттың әзірге Қазақстанда анологы жоқ. Сондай-ақ, компанияның техникалық паркі 90 пайызға жоғары технологиялық «Claas», «John Deere», «Case» маркалы комбайндарымен жаңартылған. Күріш және жоңышқа тұқымдары германиялық Petkus жоғары технологиялық тұқым тазарту зауытында қайта өңделеді.
«Мағжан и К» компаниясы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының 55-60 пайыз еңбекке қабілетті азаматтарын жұмыспен қамтып отыр. Ауылды көгалдандырып, көркейту үшін де компания тарапынан демеушілік жасау жұмыстары жолға қойылған. Аймақтағы күріш саласының тағы да бір зауытпен толығуы, азық – түлік сапасының қауіпсіздігі мен, ел экономикасына жаңа серпіліс беретініне сенемін»,- деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, аймақта күріш өндірісінде 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдарды пайдалануға қол жеткізіп, соңғы жылдарда күріш өндірісі 22 пайызға артқан. Өңірдің басты дақылы – күріштің тұқымын сауықтыру және вегетациясы қысқа, бәсекеге қабілетті отандық сорттардың үлесін арттыру бағытында да бірнеше жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, биыл «Сыр сұлуы», «Ай-Керім» және басқа да отандық сорттар бірнеше шаруашылықтарда егіліп, ғалымдардың бақылауында болды. Мамандардың бағалауынша күріштің бұл сорттар сапасы жағынан ресейлік сорттардан кем түспейді. Биыл облыс бойынша 87,9 мың гектар жерге күріш егілді.