Қызылордада жылу беру маусымына дайындық жүргізілуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Аймақта өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында «өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланды.
Нәтижесінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрмыстағы электр және жылыту қондырғыларын, жылыту пештерін , мұржаларын тазарту жөнінде үгіттеу-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында департамент бастығының орынбасары Руслан Қайрақбаев мәлімдеді.
«Өткен жылы жылу беру маусымында облыс бойынша 147 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Биыл сондай олқылықтардың алдын алу мақсатында үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жалғасын табуда. Тұрғындармен кездесу барысында пештің түтін жолдарын жылу маусымында 2-3 рет тазалау, өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар, 15 қазанда өрт қауіпсіздігі айлығы аяқталғанымен ары қарай жылу беру маусымында қауіпсіздік шаралары жалғасады», - деді Руслан Сламбекұлы.
Сондай-ақ, сала мамандары тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән беріп, балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті.