Қызылорда облысының әкімі Германиядан келген өкілдермен кездесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің «Казлепрозорий» мемлекеттік мекемесінің 90 жылдық мерейтойына орай келген шетелдік қонақтармен кездесті. 1953 жылы Қазақ Республикалық лепрозорийінде эпидемиологиялық бөлім ашылған. Қазақ лепрозориясының дәрігерлері лепраны емдеуге сульфондық препараттарды алғаш рет табысты қолданғандардың бірі. Оған қоса жаңа препараттарды (СИБ-аның майлы суспензиясы, пирогенал, лампрен, ацедиасульфон, рифампицин және басқалары) комбинациялық терапиялауды практикаға енгізе алды.
– Осы сәтті пайдалана отырып, бұл дертпен күресуде ыждағаттылық танытып, қосымша білімін жетілдіріп науқастарға көмек көрсетіп жүрген дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, бүгінгі шараға арнайы Германиядан келген, Германияның туберкулезге қарсы күрес қауымдастығының мүшесі Драбик Романа ханымға да ризашылығымды білдіремін,- деді аймақ басшысы.
Драбик Романа ханым Динслакен қаласынан бүкіл әлемдік алапес пен туберкулезбен күресу қауымдастығын ашқан. 40 жылдан астам уақыт бойы бұл қоғамдастық әлемнің көптеген елдерімен белсенді түрде бірлесіп жұмыс істеп келеді және науқастарға үлкен материалдық көмек көрсетуді де жолға қойған. 1995 жылдан бастап, қоғамдастық Қазақстан Республикасымен де бірлескен профилактикалық жұмыстарын бастаған.
Айта кетейік Драбик Романа ханым алапес дертіне арналған халықаралық конференцияларды, конгрестерді де ірі көлемде қаржыландыруға демеушілік әтіп келеді.
Осы дертке шалдыққан науқастарға демеу болып, науқастарға көмегін ұсынып жүрген Драбик Романа ханымға аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов Алғыс хат табыстады.