Қызылордалық ардагерлер Байқоңырда бас қосты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жұлдызды қалашықта ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі өкілінің жұмысын қамтамасыз ету басқармасының қолдауымен облыс ардагерлерінің семинары өтті.
Қызылорданың әр өңірінен келген делегация мүшелері алдымен №277 мектеп-лицейді аралап, білім беру мекемесінің директоры, аудандық мәслихат депутаты Жұмагүл Тілеуқабылованың ұстаздар мен шәкірттердің жетістіктері жайлы хабарламасына қанықты.
Сондай-ақ, сол мектепте Байқоңыр қаласы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Қарттарым – асыл қазынам» атты семинарға қатысты.
Семинардың алғы сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев шараның өткізілу мақсатымен таныстырып, облыс әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан түрлі мәдени шаралар және басқа да игі істер жайында әңгімеледі.
«Бүгінгі күні Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылы бойынша 1539 зейнеткер бар. 127 тыл ардагері тіркеуде тұр және сол еңбек ардагерлерінің 420-сы, тыл ардагерінің 48-і Байқоңыр қаласының тұрғындары. Сонымен қатар қалада 154 «Алтын» және «Күміс» алқа иегері бар», - дейді ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі өкілінің жұмысын қамтамасыз ету басқармасының басшысы Жасұлан Абатов.
Семинар соңында оған қатысушылар қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.
Ардагерлердің облыстық семинары одан әрі жұлдызды қалашықтың мәдени орындарымен және қалалық ардагерлер үйінің жұмысымен танысумен жалғасты.
Байқоңыр қаласында облыстағы барлық аудандардың ардагерлері кеңестері делегациясының қатысуымен өткен шара соңында ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының мәжіліс залында қорытынды жиын өтті. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, басқарма басшысы Жасұлан Абатов және әр аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағалары сөз сөйлеп, игі іске бастамашы болған азаматтарға алғысын айтты.