Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектеседі – Талғат Дүйсебаев
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдау шараларының кешенді тәсілі мен атаулы сипатын қабылдауды қарастыратын жобасын әзірледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев әлеуметтік көмектің жаңа талаптары туралы баяндады.
«Мемлекет бірінші кезекте балаларға және көп балалы отбасыларға көмектеседі, еңбекке қабілетті азаматтарға жұмысқа орналасуға немесе кіші бизнеспен айналасуына жағдай жасайды. Осы бағыттағы кешенді шаралар 3 бағытты құрайды» - деді Талғат Дүйсебаев.
Атаулы әлеуметтік көмек алатын балалардың 60%-ға жуығы көп балалы отбасылардан. Бұл мемлекеттік жәрдемақыны төлеу отбасының табысына тәуелді болмайды және барлық көп балалы, яғни 4 және одан да көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленеді. Яғни, 4 балаға - 42500 теңге, 5 балаға - 53125 теңге, 6 балаға - 63750 теңге, 7 балаға - 73375 теңге төленетін болады. Бұл көп балалы отбасыларға қосымша қолдау.
«Атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға төленеді. Критерийі өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы деңгейінде қалады.Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырма ретінде төленеді. Басты шарттардың бірі – отбасының еңбекке қабілетті мүшелері жұмыс істеуі керек және отбасы үшін жауапкершілікті сезінуі тиіс. Ол үшін бірінші кезекте аз қамтылған отбасындағы жұмыссыз азаматтар тұрақты жұмыспен немесе «Еңбек» жұмыспен қамту бағдарламасына тартылады», - деді Талғат Дүйсебаев.
Яғни, оларға бос жұмыс орындарына, мемлекетпен субсидияланатын жұмыс орындарына,қоғамдықжұмысқа орналасуды, жастар тәжірибесінен,қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік болады. Өз бизнесін ашу үшін кәсіптік негіздеріне оқытылып жеңілдікпен микрокредит және қайтарымсыз гранттар алу ұсынылады. Отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамту шараларынан бас тартатын болса, онда АӘК тек оған ғана емес, бүкіл отбасыға тоқтатылатын болады.
Сонымен қатар, аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін қосымша әлеуметтік кепілдендірілген пакет ендіріледі. Бұл пакет арқылы: мектеп жасына дейінгі балаларға тамақ, гигиеналық құралдар және т.б. берілсе, мектеп жасындағы балалар үшін мектепте ыстық тамақ, мектеп құрал-жабдықтары мен киім-кешектері, жол ақысын өтеу қамтамасыз етілетін болады.