Қызылорда қалалық сотында ақпараттық сервистер таныстырылды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық сотында ақпараттық сервистерді таныстыру барысында БАҚ өкілдері мен оқу орындарының студенттерінің қатысуымен баспасөз туры өткізілді.
Баспасөз тур «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының сот жүйесіне қатысты бөлігінде көрсетілген ақпарттық-түсіндіру жұмыстарын орындауға арналған.
Іс-шарада қатысушылар кеңсе және күту залында орналасқан ақпараттық сервистер жұмысымен танысты. Сонымен қатар, қатысушылар медиация, прокурор және адвокаттар бөлмелерін көріп шықты.
Келген қонақтарға сот отырысы залындағы дыбыс-бейне тіркеу құрылғысының артықшылықтары көрсетілді. Оның ішінде бейнеконференц байланысы арқылы басқа аймақта тұратын куәдан онлайн түрде жауап алу мүмкіндігі қатысушылар назарына ұсынылды.
Шара барысында Қызылорда қалалық сотының кеңсе меңгерушісі Н.Дүйсенова тыңдаушылардың назарына статистикалық мәліметтер мен сот жүйесіне енгізілген ақпараттық технологиялар туралы айтып, қалалық соттың төрағасы ресми блог-платформасы арқылы тұрақты негізде қоғаммен диалог жүргізетінін және қалалық соттың баспасөз қызметімен «Facebook» әлеуметтік желілерде ресми парақшалар ашылғанын, электронды форматта азаматтық істі жүргізудің ерекшелігін атап, сонымен қатар сот жүйесіне енгізіліп жатқан барлық жаңалықтар азаматтардың игіліктеріне, қылмыстық процесің оңтайландыру мен сапасын арттыруға, қағазбастылықтан арылтуға бағытталғанын, іс құжаттарына онлайн режимінде қол жеткізу мүмкіндігін арттырып, дәлелдемелерді жинау және процестік құжаттарды дайындау рәсімін жеңілдететіндігін айтып өтті.
Сот маманы Р.Сейданова сотта қолданылатын ақпараттық технологиялардың мүмкіншіліктерін көрсетіп, «Сот кабинеті», сот отырысын бейне және таспаға жазу жүйесімен, мемлекеттік баж салығын төлеу тәртібін таныстырып өтті.
Таныстыру барысында баспасөз турына қатысушыларға сот жүйесіндегі IT-технологиялары туралы имидждік роликтер көрсетілді.