«Менің кәсібім» жобасы арқылы қайтарымсыз грант алуға болады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Атаулы әлеуметтік көмек өз алдына, «кәсіп ашамын» деген көп балалы аналарға қайтарымсыз грант беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қаржы қолжетімді болуы үшін нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр. Одан бөлек, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және бизнес ашуға қолдау көрсететін «Менің кәсібім» жобасы іске аспақшы. Жоба үйлестірушілері мұқтаж жандарға бизнестің қыр-сырын үйретіп, табыс табу жолдарын көрсетеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «балық берме, қармақ бер» қағидасын ұстана бастады. Атаулы әлеуметтік көмек сұрағандардың қатары көбейген сайын, осы мақсатқа жоспарланған бюджеттің де түбі көрінгендей. Мұқтаж жандардың саны 2 млн-ға жуықтаған.
«Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары көбейіп жатыр. Бұған дейін қабылданған өтініштер бойынша қаржы есептелген еді. Ол тоғыз айдың қортындысы. Күн сайын жаңа өтініштер түсуде. Біз 1 млн 400 мың адамға есептеген едік. Ал қазір 1 млн 800 мың адам болды», - дейді ҚР қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов.
Төленетін жәрдемақыға иек артпай, жеке кәсіп ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтимын дегендерді мемлекет қолдауға дайын. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы алдымен жұмыспен қамтуға бағытталған. Сосын кәсіпкерлердің қатарын көбейтуді көздейді. Бағдарлама бойынша 19 мың адамға шағын несие беру жоспарланса, жартысы кәсібін бастап кеткен. Көп балалы отбасыларына басымдық берілген.
«Сонымен қатар қайтарымсыз гранттар аз қамтылған, көп балалы немесе еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Жалпы 500 мың теңге шеңберінде беріледі. Қайтарымсыз гранттар ол бірінші кезекте өз бизнесіңді ашуға, яғни технологиялық құралдар алуға, тігін машинасын немесе үйден тамак пісіретін болса, тағы басқамен айналысатын босла, осындай құрал-жабдық алуға беріледі. Сонымен қатар көп балалы отбасыларды бизнеске қамту бағдарлама арқылы іске асырылып келеді. Енді көп балалы аналарға қолжетімді болу үшін бағдарламаға өзгеріс енгізіледі. Ол енді пайыздық үстемесін қайта қарау, беру мерзімін ұзарту», - дейді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің департамент басшысы Ерболат Абулхатин.
Яғни бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, пайыздық үстеме жеңілдесе, біраз адамның кәсіп ашуға мүмкіндігі бар.