Әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны
Програмист бола тұра, әлеуметтік желілерге қол жалғауды қажет таппаған Кал Нюпорт өзінің жеке пайымын «Deep Work» атты еңбегінде жеткере түсіндіреді. Оның пікірінше, Facebook, WhatsApp, т.б. құралдардың ең үлкен кемістігі – кісі ұлының назарын орынсыз тоқтатып, шектеулі қуатын бей-берекет тауысатыны. Мұндай адамның әлдеқандай бір жетістікке жетуі неғайбыл. Бүгінгі автоматизация дәуірінде міндетін бой салып орындамайтын, түкпірлеп ойлануға жарамайтын жұмыр бастының қуанышы келте, үміті жұтаң, тиянағы кемшін, барақаты алдамшы болады.
Бірінші бөлім
Автордың байыбынша, бүгінгі технология дәуірінде екі түрлі адамның ғана бағы жанып, мұраты орнына келеді: озғын технологиялармен жұмыс істей алатын креативті жандар мен өз салаларында алдыңғы қатарға шыққан озық мамандар. Аталмыш топтан ойып тұрыпорын алу үшін екі түрлі қабілет керек:
1. Қиын, күрделі дүниелерді тезінен меңгеру қабілеті
2. Тапсырманы жеделінен әрі сапалы етіп орындау қабілеті
Осы орайда аталмыш қабілеттерді қайтіп дамытуға болады деген сұрақ туады. Автор айтады, бұларды меңгеру үшін нысаналы жұмысқа бой салып кірісуді үйрену керек, деп (depend on your ability to perform deep work).
Күрделі, жұмбақ дүниелерді тезінен меңгеріп, эксперттік деңгейде жетік білудің жолы – өзіңізді толайымен арнау. Басқаша айтқанда, үйрену деген –бар назарыңызды бір нәрсеге тігіп, іждағатпен зерттеу деген сөз. Тереңге бойлауды әдет қылсаңыз, қазіргі экономикада айрықша жоғары бағаланатын дәркер машықтарды артық қиындықсыз, оп-оңай меңгеріп аласыз. Керісінше, кәкір-шүкір жұмыстардан аулақтай алмай, әрненің басын шалуға бейім болсаңыз, онда шалағай дүмшенің бірі боп шыға келесіз. Асқарға көтеріліп, арманды тұғырға аяқ басу қайда, қалтақтап жүріп, әупіріммен күн кешесіз. Автордың мақтаулы формуласы мынадай:
High-quality work produced = (Time spent) * (Intensity of Focus)
Жоғары сападағы өнім = (кеткен уақыт) * (фокустың қуаты)
Демек, көрген жұрт сұқтанатын, ғаламат іс бітіру үшін көлденең шаруа, пайдасыз істен бас тартып, бір бағытта еңбек етіп үйрену керек. Егер де сабырыңыз жетпесе иәки екі арада басқа жұмыстар килігіп, талап пен жігер ортайса, кәдеге жарайтын бағалы дүние тудыру қиынға соғады.
Автордың айтуынша, бизнестің шабысын арттырып жатқан заманалық технологиялар, бір жағынан, қатардағы қызметкердіңең дәріпті қабілетін – «тереңге сүңгіп, кеңінен ойлану» мүмкіндіктерін шектеуде. Таң азаннан қара кешке дейін компьютердің алдында отыратын маман поштаға түскен хатты жауаптауға, сан түрлі шараға қатысуға, алыс-жақын жұртпен қалтқысыз араласуға міндетті. «Көппен көрген ұлы той» деп, дүрмектен қалмай, үнемі төбе көрсетуге тиіс. Саяқ жүріп, оқшау тұрамын десе, бастықтың кәріне, әріптестердің назарына ілігіп, бірден қағажу көреді.
Сол себепті корпоративтік әлемде нәпақа іздеген көзі қарақты азаматтар ойлы емес, елгезек, пысық боп көрінуге тырысуда. «Өнімді еңбек» дегеннің бажайлы түсініктемесі болмағандықтан, креативті жобалардан аяқ тартып, тек қана көзге көрінетін ұсақ-түйек істерді ғана атқаруға ұмтылуда.
Автор бірінші тарауда сыпатталған төтенше қабілеттің түбінде пайдаға шығатынын айта келе, бизнес ортада оншама бағаланбай жатқанын мойындайды. Және,бүгінгі келіссіз жағдайды – «business» емес, «busyness» деп атықтырады. Жұмыс берушілер нәтижеге емес, істің барысына назар аударып отыр дейді. Креативті қызметкерлерді төрге оздырып, марапат пен сияпатқа көмудің орнына, сен тұр мен атайын жандарды алға шығарып, мол кесімді жалақы тағайындауда. Ал компанияның жағдайы қыл үстіне тақағанда аршындап қимылдайтын пысықтар емес, тасбақаша тырбаңдайтын ақылман қызметкерлер қажет болады. Ондай жандар қилы-қиын күндерде ғана емес, байырқалы, барақат заманда да керек. Себебі ертеңгі келеңсіз оқиғалардың тамыры бүгінгі шешімдерде жатады.
Екінші бөлім: Ережелер
Бірінші ереже – тапсырманы бой салып орындаңыз
Жоғарыда әспеттелген өнімді еңбек ету жорасын қалыптастыру үшін жақсы ниет жетпейді, күнбе күн қалтқысыз орындалатын рәсімдер (rituals) керек. Бұлар назарыңызды пышыратпай, жігеріңізді түгеспей, бір бағытқа бейімдеуге көмектеседі. Егер сіз таң азаннан тал түске дейін Facebook-та отырып, содан кейін ғана мыйдың талшықтарын қосуды тілейтін, когнитивті тапсырманы атқаратын болсаңыз, онда қалай тыпырласаңыз да жеріне жеткізе алмайсыз. Кібіртіктейсіз, бүгежектейсіз, жаннан кешесіз, әйтсе де, үддесінен шыға алмай, мехнат үстіне дерт қосып, біржола түңілесіз. Ал бірақ алдын ала белгілі бір рәсімдерді енгізіп, олардан айнымауға серт етсеңіз, шақтаулы күшіңіз бен шектеулі уақытыңызды ең маңызды жұмысқа арнап, үлкен іждағаттылықпен тәмамдайсыз.
Қандай да тапсырманы жоғары деңгейде орындап, көзеген мақсатқа межелі уақытында жету үшін әрбір күнді салиқалы ғұрыптармен толтыру керек дедік. Ал енді аталмыш низамды қалыптастыру үшін үш сұраққа жауап беру керек.
1. Жұмысты қай жерде және қанша уақыт жасайсыз? Егерде когнитивті тапсырманы конференц бөлмесінде немесе кітапханада орындайтын мүмкіндік болса, қайтарымы үлкен болады.
2. Жұмысты бастағаннан кейін қалай жалғастырасыз? Сіз белгілейтін тәртіп артық қимылға жол қалдырмауы керек. Мысал үшін, тапсырманы межелі жеріне жеткізгенше Facebook-ты ақтармау сияқты.
3. Жұмысты жасау барысында ұйықтап кетпей, ояу, сергек отыру үшін қайтесіз? Манағы тәртіп-ғұрып сіздегі босаңдық пен кежірлікті ауыздықтап, бүткіл күшіңізді жұмысқа сарқа жұмсауыңызға демесін болуы керек. Мәселен, күніңізді кофе ішумен бастасаңыз, бойыңызға қан жүгіртіп, санаңызды ашық ұстайды.
Екінші ереже – «пендеде бір іс бар жалығу деген»
Әрине, бір нәрсеге ертелі-кеш үңілсеңіз, жалығып кетуіңіз әбден мүмкін. Мағналы жұмысыңызды атқарып біткен соң, Facebook-ты ақтарып, көңіл делбеуге болады. Бұл – өзіңізді марапаттаған есепті. Дей тұра, Автор медитация жасауға шақырады. Мүмкіндік болса, жаяу жүріңіз, жүгіріңіз, көлік жүргізіңіз, шомылыңыз. Әйтеуір, мыйға салмақ түсірмейтін, физикалық тұрғыдан шаршататын шаруаға көшіңіз, дейді.
Әсілі, Автор бейсауат жүріңіз демейді, осы уақыттың өзін ойланумен өткізіңіздейді. Жүгіру кезінде жазылмақ мақаланың мазмұнын ойластырыңыз, жасалмақ презентацияның сұлбасын сызыңыз, бизнес стратегияның ұрымтал тұстарын салмақтаңыз.
Үшінші ереже – әлеуметтік желілерді тәрк етіңіз
Автор интернеттен толайымен кетіп қалыңыз демейді. Сізді сыртқы әлеммен ұшқастырып, жіпсіз байлап тастайтын құралдардан аулақ жүріңіз дейді. Оның пікірінше, ертең пайда әкелетін татымды іспен айналысу үшін оқшаулануды үйрену керек. Әсіресе, білім-білігіне сүйенген «knowledge worker» уақыты мен күшін орынды жұмсаса игі.
Айтылғандай, Автор әлеуметтік желілер қауіпті деп кесіп айтпайды. Пайдасы мен зиянын өзіңіз салмақтап көріңіз дейді. Мәселен, 30 күнге кетіп қалыңыз. Ең бастысы – парақшаңызды өшірмеңіз және бұл шешіміңізді ешкімге жарламаңыз, тып-тыныш қараңызды батырыңыз. Кесімді уақыт біткен соң, өзіңізге төмендегі сұрақтарды қойыңыз:
1. Осы 30 күн әлеуметтік желі болғанда жақсырақ өтер ме еді?
2. Аталмыш кезеңде халық мені іздеп, жоқтады ма?
Төртінші ереже – майда-шүйде істерден бойды аулақ ұстаңыз
Татымсыз жұмысқа күдікпен қарап, мүмкін қадарынша жоламауға тырысыңыз. Әрине, мүлдем жоғалып кету қиын. Бірақ күніңіздің ең берекелі уақытын болмашы тірліктің соңында өткізбеу үшін барыңызды салыңыз.
Татымсыз істерді (эмейлға жауап беру, интернетті сүзіп шығу, әлеуметтік желіні шолып шығу) кейінге ысырудың бір-ақ жолы бар. Ол – күніңізді минуттарға бөліп тастау.