Хакерлер Instagram аккаунтын бұзудың жаңа әдісін ойлап тапты
Қаскөйлер Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтты бұзып, ішіндегі мәліметтерді ұрлаудың жаңа әдісін ойлап тапты. Бұл туралы Naked Security компаниясының мамандары хабарлады.
Киберқауіпсіздікпен айналысатын компания мамандары аккаунтты бұзудың жаңа әдісі жайлы өздерінің сайтында толық мәлімет берген.
«Хакерлер әлеуметтік желі қолданушыларына зияткерлік меншік құқығының бұзылуына байланысты бұғаттау жөніндегі хабарлама жібереді. Хабарламада 24 сағаттың ішінде бұғаттаудан құтылуға болады, ол үшін «Copyright Objection Form (Зияткерлік меншік құқығын бұзу мәселелері) сілтемесіне кіріңіз» деп тұрады. Сілтемені басқан соң қолданушылар әлеуметтік желінің жалған сайтына тап болады, онда логин мен парольді енгізу сұралады. Осылайша қаскөйлер аккаунтқа кіру рұқсатына қол жеткізеді. Олардың сайты «.cf» деп аяқталады, ал негізгі ресми сайт «com» деп аяқталу керек», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, сарапшылар хакерлер жіберген хаттан көптеген орфографиялық қате тапқан. Мамандар күмән тудыратын хаттарды ашпауға кеңес береді.