3 қазан:Атаулы күндер мен оқиғалар
2009 жылғы 3 қазанда түркітілдес елдер мемлекет басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғыз Республикасының президенттері тарихи Нахчыван құжатына қол қойды. Сол күннен бастап түркі әлемі интеграциясы жаңа бір белеске көтерілді. Аталған келісім нәтижесінде тарихта алғаш рет бауырлас төрт ел Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі атты халықаралық ұйым құрды. Осыдан соң ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы дүниеге келді. Ал ТҮРКСОЙ жаңа серпінмен жұмыс істей бастады. Нахчыван келісімі бекіген 3 қазан түркі әлемінде жыл сайын түркі халықтарының ынтымақтастығы күні ретінде аталып келеді.
1866 жылы Вена келісімі бойынша Австрия Италияға Венецияны берді.
1883 жылы Семей облыстық кітапханасы ашылды. Бұл мекеме Семейге патша үкіметі жер аударған революционер демократтардың бастамасымен құрылды. Кітапхананың қорында алғашқы кезде мың дана баспа өнімі болды. Ол заманда осынша қор өте бай қазына болатын. Кітапханада орыс классиктерінің шығармаларымен қатар шет ел классиктерінің, әлемнің ең ірі ғалымдарының да тіршілік, табиғат, қоғам өміріне байланысты мәселелерді қарастырған еңбектерін табуға болатын еді. Аталмыш кітапхана Семей зиялыларының орталығына айналған. Тұрақты оқырмандары қатарында Абай, Е.Михаэлис, Н.Долгополов болды. Американдық журналист, публицист Джордж Кеннан, поляк революционері А.Янушкевич, орыстың әйгілі саяхатшысы П.Семенов Тянь-Шанский сияқты ірі тұлғалар да кітапханаға бас сұққан.
1906 жылы SOS халықаралық апат дабылы болып бекітілді.
1990 жылы екі ел - ГДР мен ГФР бірігіп, Германия мемлекеті құрылды.
1946 жылы Өскемен қаласында 600 абонентке арналған жартылай автоматты телефон стансасының бірінші кезеңі пайдалануға берілді.