Синоптиктер қазан айында ауа райы қандай болатынын айтты
oldkaz.kyzylorda-news.kz. "Қазгидромет" РМК қазан айындағы ауа райына болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы аптада республиканың басым аумағында күн жылынады, қазақстандықтар үшін қолайлы ауа райы болады. Ауа температурасының көтерілуі Иран аудандарынан ығысатын ауа массаларымен байланысты.
"Сынап бағанасы күндіз солтүстікте 15…23°C дейін, ал оңтүстік аймақтарда 20…28°C дейін көтеріледі", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, қазан айының басында солтүстікте, орталықта және шығыста түнде -2…-10°C аяз сақталады, кей жерлерде 3°C жылы болады.
"Бірінші онкүндіктің соңында Ресейдің еуропалық аумағынан суық ауа массаларының келуімен күн суытады, алдымен батыста, содан кейін республиканың қалған аумағында жауын-шашын болады", - деп болжап отыр синоптиктер.
Батыс және солтүстік өңірлерде күндіз ауа температурасы +7…+15°C, шығыста +8…+18°C, ал оңтүстік өңірлерде +12…+20°C дейін төмендейді.
Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, күздің екінші айында ауа райы құбылмалы болады: жауын-шашын, тұман, көктайғақ, екпінді жел болжануда.
Қазгидрометтің ақпаратынша, қазан айында орташа температура Қазақстанның басым аумағында норма шамасында, ал Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Қызылорда облысының батысында нормадан 1°С жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері еліміздің көптеген бөлігінде – норма шамасында және нормадан көп, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ, Қостанай мен Қарағанды облыстарының кей жерлерінде нормадан төмен болады деп болжанып отыр.