Қызылордадағы Назарбаев мектебінің жаңа президенті сайланды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің өзін-өзі басқару ұйымының жаңа Президенті сайланды. 11«В» сыныбының оқушысы Томирис Жұмағалиева дауыс берушілердің 33,4 пайызын жинап, жеңіске жетті.
Биыл мектепішілік сайлау комиссиясына 11-сыныптардан 8 үміткер тіркелді. Олар: Әсел Темірбек, Елжан Жарылқасын, Торғын Санақ, Айгерім Нұғман, Дархан Бақытжан, Томирис Жұмағалиева, Назым Қуандықова мен Мақпал Акишева есімді Шаңырақ көшбасшылары.
Сайлауалды науқанның алғашқы күнінен бастап оқушылар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың дарындылығын арттыру, таланты мен креативтілігін дамытуға бағытталған жаңа жобалары мен идеяларынан арнайы бағдарлама дайындап, сайлаушыларға таныстырды. Үміткерлер болашақта мектеп өміріне түрлі бағыттағы қызықты іс-шараларды ұсынып, сайлауалды дебат барысында оны мазмұнды өткізу жолдарын дәлелдеді.
«Бір жылға жуық уақытта мектеп Президенті лауазымында қызмет атқардым. Осы уақыт аралығында өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшыларымен бірге ауқымды жұмыстар атқарып, көптеген жобаларды іске асырдық. Жаңа Президентің мектептің өміріне өзгешеліктер алып келіп, оқушылармен бірге жаңа пайдалы идеяларды іске асыратынына сенімдімін», – деді мектептің экс-президенті Арайлым Өмірбекова.
27 қыркүйек күні таңертеңнен бастап арнайы сайлау бөлімшесі ашылып, жұмысы сағат 16.00-ге дейін жалғасты. Сайлау науқанына 7-12-сынып оқушыларынан барлығы 576 оқушы қатысты. Мектеп қызметкерлері де өздерінің дауыстарын арнайы онлайн-платформада электронды форматта беруге мүмкіндік алды. Сайлау үрдісінің ашық және әділ өтуін куратор, ұстаздар мен өзін-өзі басқару кеңесінің мүшелерінен құралған арнайы бақылаушылар қамтамасыз етті.
«Сайлау өте қызықты өтті. Оқушылар ерекше белсенділік танытып, өздерінің азаматтық борыштарын орындады. Ешқандай заң бұзушылықтарға жол берілген жоқ», – деп бөлісті өз ойымен бақылаушы ретінде қатысқан ата-ана Надежда Усольцева.
Сегіз сағат ішінде сайлаушылардың қатысу саны 661 адамды құрады. Оның 1,1%-ы Торғын Санаққа дауыс берсе, 1,5% Мақпал Акишеваны қолдады. Назым Қуандықова 6,2% дауыс жинаса, Айгерім Нұғман 6,7%-бен, Дархан Бақытжан 14,8%-бен жәнеЕлжан Жарылқасын 15,1%-бен сайлауды қорытындылады. Әсел Темірбекті сайлаушылардың 21,3%-ы қолдау білдірсе, Томирис Жұмағалиева сайлауда 221 дауыс жинап, мектептің өзін-өзі басқару кеңесінің үшінші Президенті атанды.
«Маған сенім білдіріп, мектеп Президентіне лайықты деп таныған барлық оқушылар мен ұстаздарға алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта мектеп қауымдастығының ілгері дамуы үшін барымды салып, аянбай еңбек етуге уәде беремін. Өзін-өзі басқару ұйымының барлық мүшелері бірігіп, оқушылардың мектеп өміріне араласуына, қызығушылықтары бойынша клубта, тақырыптық апталықтар, олимпиадалар мен ғылыми жобалар, спорттық жарыстар мен еріктілер тобы, қайырымдылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізетін боламыз», - деді Томирис Жұмағалиева ұлықтау рәсімінде.