Көгілдір отын алыс ауылдарға да жетпек
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданын толық көгілдір отынмен қамтамасыз ету алдағы уақыттың жоспарында. Бүгінде кент көлеміндегі тұрғын үйлердің көп бөлігіне газ кіргізілген.
Жалпы ұзындығы 383,7 шақырым газ құбыры, оның ішінде жоғарғы қысымдағы 10,2 орташа қысымдағы 30,2 және төменгі қысымдағы 342 шақырым құбыр тұрғындарды жайлылықпен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, кентте 8132 тұрғын үй тіркелген болса, оның 6250-і газ желісіне қосылған. Бұл жалпы баспананың 76 процентін құрайды.
Осы кезге дейін 16 мемлекеттік мекеме, 4 емхана, 4 мектеп, 3 спорт кешені, 5 балабақша, 120 кәсіпкерлік нысан, барлығы 152 мекеме газ құбырына қосылуға тиісті құжаттар тапсырған. Нәтижесінде қазір техникалық талаптарға сәйкес келетін 120 мекеме газ отынын пайдаланып отыр.
Әйтеке би кентінде газ құбырлары жартылай жүргізілген және шығу нүктесінен тыс қалған аумақтар баршылық. Тұрғындардың өтінішіне байланысты 24 көшедегі 173 тұрғын үйді газға бейімдеу жұмыстарына жоба сметалық құжаттар әзірленген. Ағымдағы жылы бөлінген 77,7 млн теңге қаржыға «Ремстрой» серіктестігі арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қазалы қаласын газдандыру жұмыстары бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен “ЮгГазПроект” компаниясы арқылы қаржыландыруға ұсынылған. Бұлардан бөлек Мұратбаев ауылын газдандыру ісіне мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында “ЮгГазПроект” мекемесі демеушілік есебінен облыстық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған.