Қармақшыдағы сүт өңдеу цехы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков Қармақшы ауданында жұмыс сапарымен болып, Дауылкөл ауылдық округіндегі сүт өңдеу цехының жұмысымен танысты.
Үстіміздегі жылы «Тұрмағамбет» ЖШС қолдауымен ашылған сүт өнімдерін шығарумен айналысатын цех жергілікті шаруалардан сүт алып оны қайта өңдеп, айраннан бастап қаймақ, сүзбе мен өзге де сүт өнімдерін шығарумен айналысады.
Жаңа өндіріспен шұғылдануды ниет еткен шаруа қожалық жетекшісі ауданды ғана емес, өңірімізді сапалы сүт өнімдерімен қамтуды көздеп отыр.
«Сүт өңдеу цехының ашылуынан ауданымыз үшін тек игілік күтеміз. Себебі, сүттің өзін ғана сатқаннан, оны өңдеп сату тиімді болып отыр. Өнім түрі молаяды, ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады, аудан бюджетіне салық түседі», – дейді шарушылық басшысы Н.Пірмантаев.
Ауылдық округтің қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық дамуында игі дәстүрлер жалғасын тауып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында тұрақты даму бар. Мемлекеттік бағдарламаларды ұтымды пайдаланудың нәтижесінде елді мекенде жеке кәсібін ашқан азаматтардың қатары артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.