Қазалы ауданындағы маңызды жолдар жөнделуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданына қарасты барлығы 406,2 шақырымдық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Оның 184,2 шақырымы асфальтты, 141-і қиыршықтасты және 81 шақырымы топырақты көшелерге жатады. Аталған автожолдар бойында 80 су өткізгіш құбыр, 25 темір-бетон көпір, Сырдария өзенінің Абай, Қарлан, Әлсейіт өткелдерінде 3 қалқымалы көпір өткіншілерге қызмет көрсетуде.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсарту бойынша Қазақстан Республикасы Индустрия және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті арқылы Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей бағытындағы жолдың басынан 16 шақырымына дейін, сонымен қатар 16-30 шақырымы, Қожабақыдан Бекарыстан би ауылына апаратын жолдың басынан 18 шақырымына және Басықара-Абай-Өркендеудің 20 шақырымына дейін жөндеуге республикалық, облыстық бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы 50/50 проценттік мөлшерлемемен қарастырылған. Өткен жылы республикалық бюджеттен қаралған ақшаға барлығы 9,7 шақырым жолға асфальт қабаты, 19,5 шақырымға малта тас қоспасы төселді.
Осы жылы ағымдағы жұмыстар жалғасын тауып, Қазалы-Қожабақы-Бозкөл жолының 45-76 шақырымы, аудандық маңыздағы автомобиль жолынының аралығындағы 7 шақырым күрделі жөндеуден өткен.
Сонымен қатар 2019 жылға республикалық және облыстық бюджеттен 50/50 проценттік мөлшерлемемен 7 жоба бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеуге де қомақты қаржы бөлінген. Оған Қазалы-Көларық-Бекарыстан би-Жаңакұрылыс жолының 33, Самара-Шымкент-Байқожа жолының 2 шақырымы, Әйтеке би кентіне кіреберістің 3, Әйтеке би-Қазалы қаласы-Шағала лагері жолының 4, кент айналма жолының 6, Әйтеке би кенті-Водокачка елді мекені арасының 9, Қазалы қаласы айналма жолының 5 шақырымына жөндеу жүргізілген.
Бұдан бөлек облыстық бюджеттен қаралған 50 миллионнан астам қаржыға Түктібаев елдімекенінің 7 көшесін орташа жөндеуге, аудандық бюджеттен бөлінген 130 миллионға жуық қаражат Қ.Пірімов ауылының 3 көшесін, Ақсуат ауылындағы Амангелді көшесі мен кенттегі Аймауытов көшесін (Бөріқұлақов көшесінен бастап Біржан сал көшесіне дейін) қалыпқа келтіруге жұмсалған. Келер жылы 4 жоба бойынша аудандық бюджеттен бөлінген 2500000 теңгеге жоба сметалық құжаттар әзірленіп, ведомоствалық сараптамадан өтуге жолданған.
Сондай-ақ “Өңірлерді дамыту – 2020” бағдарламасы шеңберінде аудан бойынша Қазалы қаласының 8 шақырым құрайтын 10 көшесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Бұл үшін мамандар ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлік даму департаментіне бюджеттік өтінім тапсырып қойған. Оның жалпы құны 724 млн теңгені құрайды.
Сонымен қатар Самара-Шымкент-Әйтеке би кенті тас жолының аудандық маңыздағы 6,2 шақырымын және Әйтеке би-Қазалы жолының 7 шақырымын қайта жаңғыртуға байланысты ҚР Инвес¬тициялар және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қаржыландыру үшін тиісті өтінім ұсынылған. Жауаптылар кенттің 10 көшесін қайта жаңғыртуға, 44 көшені орташа жөндеуден өткізуге, ауданның тағы 11 ауылындағы 21 көшеге жөндеу жасау үшін бюджеттік өтінім жолдап қойғанын айтады. Ал Басықара-Абай-Өркендеу, Басықара-Алпар, Бозкөл-Тасарық ауыларалық жолдарының сапасын арттыру мақсатында жоба даярланғанда оның экономикалық тиімділігі мен көлік қозғалысының жиілігі және халық саны ескерілетін болады. Жоба ішіне аудан аумағына қарасты Әйтеке би-Тапа-Шәкен-Шилі елді мекендері аралығының 110 шақырымы, Әйтеке би-Басықара-Сарбұлақ елді мекендерінің 75 шақырымы, Лақалы елді мекеніне кіреберістегі 4 шақырымының техникалық-экономикалық негіздемесі енгізіледі.