Боксшы Қамшыбек Қоңқабаевты әріптестері құттықтады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы Полиция департаментінде Екатеринбургте өткен бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Қонқабаев Қамшыбек Бисенбайұлын департамент бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан марапаттады.
«Егеменді елімізде спортқа деген құрмет ерекше. Әріптесіміз полиция лейтенанты Қамшыбек Бисенбайұлы 98 мемлекеттің қатысуымен өткен бокстан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, еліміздің мерейін үстем етті. Бұл жеңісті әріптестер болып үлкен қуанышпен қабылдадық. келер жылы өтетін 2020 жылы Токио қаласында өтетін жазғы олимпиада ойындарында Қамшыбектің еліміздің көк байрағын желбіретіп, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз», - деді Сұлтан Жеңісбайұлы.
Қазіргі таңда чемпион Қамшыбек Қоңқабаевтың ішкі істер органдарында қызмет ететінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Қызметте білікті маман Қамшыбек қазіргі таңда өзінің тікелей міндеттерімен қатар, соңынан ерген жас қызметкерлерге бос уақытында жинаған тәжірибесімен бөлісуде.
Қамшыбек Қоңқабаевтың қазіргі дәрежеге жетуіне себепкер болған, оның спорт мектебіне келуіне ықпал еткен оның ағасы Асқар Қоңқабаев болатын. Асқар соңынан ерген інісіне қамқор болып, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен кәсіби деңгейде шұғылдануына атсалысты. Ағайынды Қоңқабаевтар қазіргі таңда Қызылорда облысы Полиция департаментінде қатар қызмет атқаруда.
Полиция лейтенанты Қамшыбек Қонқабаев ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, әскери қызметкерлер арасындағы әлем чемпионы, Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы, ҚР Спартакиада чемпионы, Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атағына ие. Сонымен қатар, Қамшыбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.