Қызылордада «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» енгізілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сыбайлас жемқорлықтың алдын - алу мақсатында облыстың 702 мекемесінің «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жасалды. Нәтижесінде кез-келген азамат өзіне қажетті мекемелердің бюджетін көріп, оның қандай бағытта жұмсалғанын көре алатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бахытжан Ниязов баяндады.
"Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын анықтау және жою мақсатында 6 мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін 53 фактор анықталып, оның 45-сі жойылды" - деді Бахытжан Ниязов.
Сонымен қатар, агенттік жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, бірнеше сала бойынша анықтау шараларын жүргізген. Олардың қатарында: автомобиль жолдардың жай-күйіне, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қалыптастыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізі, жалпы білім беретін мектептердің оқушыларына қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалану, базарларда және жәрмеңкелерде ауыл шаруашылығы өнімдеріне, мал көмінділеріне байланысты мониторинг жүргізіліп, қорытындысы облыс әкімі аппаратына ұсынылды.