Отандық блогер Сатаевтың фильмін сынға алды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында Ақан Сатаев таспалаған "Томирис" фильмінің тұсаукесері өтті. Салтанатты жиында Дариға Назарбаева, Бердібек Сапарбаев пен Қырымбек Көшербаев сынды тұлғалар бой көрсеткен. Премьерадан соң желіде фильм туралы жазбалар пайда бола бастады. Осы орайда отандық блогер өзінің Facebook парақшасында киноға қатысты пікірімен бөлісті.
"Сонымен, Дариға, Көшербаев, Сапарбаевтар келіп жайғасқасын 2,5 жыл 2,2 млрд тг ақшаға түсірілген, 2,5 сағатқа созылатын туындыны 3,5 мың көрермен болып көруге отырдық.
Тіл.
Бастар алдында сөйлеген бас әртіс қызымыз өз лебізін қазақша білдірді. Орыс тілді екені, қазақшасы өте нашар екені байқалады.
Бірақ, қазақша сөйледі, шатасты, қателесті. Сөйлеп шықты! Орысша араластармады. "Өзіне алған жауапкершілікті сезінген ғой жарықтық", - деп іш жылып қалды.
Орысша басталған кезде алғаш миға балағат сөзден басқа ештеңе келмеді.
Шығарда төменде отырған әкемнің боқтауына дайындалып, жауап іздеп кеттім. Кейіпкерлер сақ тілінде, аударма үстінен орысша, астында қазақша титр қосылған.
Кадр.
Жақын кадрлар, жеке шайқастар да жақсы суреттелген. Қан, шайқас сүйер қауымға ұнары анық. Бұл әлгі ары он ат, бері он ат шауып өтіп ұлы соғысты аяқтай салатын "Көшпенділер" емес.
Қан.
Қан көп, адамның құны жоқ. Өліп жатыр, баласы да, қатыны да, бәрі. Жерлеу рәсімін жасау сәтін жақсы суреттеген.
Түс.
Неге бәрі сұр? Кадрларға қарап, бірде Қызылқұм даласында жүр екен дейсің, бірде Жетісудың жайлауларын еске салады, бірде ну орманды Бурабайға еніп кетесің.
Бірақ бәрі сұр. Қоңырқай. Шаң. Сусыз дала. Неге? Тарихи кино тек осылай түсіруі керек деген заңдылық бар ма?
Көрермен.
Бас кейіпкердің әр жеңісін көрермен ду қол шапалақпен, қошеметтеп отырды. Соңында Сатаевқа ұзақ қол соғып қошемет білдірді.
Қайтар кезде сырттағы көрерменнің дені орыс тілді адамдар екенін көрген кезде, киноның неге қазақша қойылмағанын түсінгендей болдым.
Әкеме ұнады. Киноның орысша өткендігі туралы ләм демеді",- деп жазды ол.