Жұрт қандай адамды «харизмасы мықты екен!» дейді?!
Бейтаныс біреумен жолыққанда адам екі нәрсені – ниеті (intention) мен күшін (power) бағамдайды. Әуелі, қандай ниеттегі кісі екендігін білгісі келеді; дос па, жау ма?! Содан кейін әлгі ниетті іске асыратын күші бар ма, жоқ па, соны таразылайды. Автор айтады, егер де тау қопаратын қауқары (power) бар адам кішілік танытса, ілтипат (warmth) білдірсе, бір үйір ұлпа сөз айтса, бітті, харизмасы аспандап қоя береді, деп.
Харизманы тудыру оңай. Мүмкіндіктеріңіздің мол екенін (high power) және ниетіңіздің ізгі екенін (high warmth) көрсетсеңіз болды. Себебі харизма екі элементтен – күш (power) пен жылылықтан (warmth) тұрады. Ал, бірақ осы екеуін толықтыратын тағы бір әлемент бар, ол – бар болмысыңызбен сол жерде болу (presence). Харизмасы мықты марғасқамен (Колин Паул, Кандолиза Райс, Далай Лама, т.т.) кездескенде көлденең жұрт оның сөзі ғана емес, өзі де сол жерде болғанын қадап айтады.
Түйіп айтсақ, харизмасы бар адамның қасында тұрғанда оның күші мен сізге деген ілтипатын ғана емес, дәл сол уақытта сізбен бірге тұрғандығын жүйке-тамырыңызбен сезінесіз.
Харизма ойда басталады
Атаулы кітапта харизманы тудыратын түрлі тәсілдер тәптіштеп түсіндіріледі. «Қолды былай ұстау керек, көзді пәлен жерге қадау керек» деген кеңестер жетіп артылады. Дей тұра, Автордың айтуынша, іші қуыс адам сыртын қанша дүрдитсе де, бәрібір сыр беріп қояды. Шынайы күлкі тек риясыз көңілден ғана шығады. Ондайда ерін ғана емес, көз де күледі. Сондықтан әрекетін түзеймін деген кісі әуелі ойын түзесін, ішін тазаласын (charismatic behavior must originate in your mind).
Адамның бар қимылы ішкі әлемінің шынайы айнасы, мәуелі жемісі. Жабырқаулы көңілді жасырып қалу мүмкін емес. Өзін төменшік санайтын кісі дауысын қатайтып, айналаға паңдана қараса да, тосын бір жерде тосылып, бар лыпасынан айырылып қалады. Харизманы күшейту үшін сыртқы машықтарды игеруге ден қою – іргетасы шатқаяқ ғимаратқа сәнді балкон қосу сияқты парықсыз қадам. Бір қарағанда, көздің жауын алып, ғаламат ұшырағанымен, уақытша ғана салтанат. Сыртқы сұлулық ғимаратты саламатта ұстап тұра алмайды. Алғашқы зілзалада шылпара болады. Дәп солай, ішіңіз әлемтапырық болса, жаңадан үйренген тәсілдер жадыңыздан шығып кетеді. Харизманы тудыратын сыртқы механизм ішкі әлеміңізбен үйлес, бірлес болсын. Сонда ғана ойыңыз мұрат табады.
Ішкі машықтарды (internal skills) жете меңгерген адам өзінің көңіл-күйін жазбай таниды. Уайымы қалыңдап, сенімі ортайса, тұңғиыққа түсіп кетпейді, қайтадан бой жазып, тезінен беркінеді. Көлденең біреудің жосықсыз сөзіне қапаланса да, қайғыға батпайды, өзін-өзі қамшылап, харизмасына қайыра қауышады.
Харизманы игеруге кедергі келтіретін келіссіз жағдайлар
Автор айтады, аса ұрымтал бір сәтте болмашы бір жағдай көңілімізді жығып, ойымызды онға, ақылымызды алтыға бөледі, деп. Мәселен, шіліңгір ыстықта қалың жеңпірді желбегей жамылып шықсақ, өзімізді жайсыз, ыңғайсыз сезініп қана қоймаймыз, айналадағы көп кісінің көңілін күпті етеміз. Жан-жағымызға өтірік күле алмаймыз ғой, қипақтаймыз, ышқынамыз, жер тепкілейміз. Әрине, шешіп тастауға болады. Ал бірақ ресми кездесуде отырсаңыз ше?! Сұқбаттас адам салбыраңқы жүзіңізге сезіктене сұқтанады, анық-қанығына бойлап жатпайды, сан-саққа жүгіртеді. Ендеше, харизмаңызды жарқырата көрсететін жауапты бір көріс қарсаңында киетін киіміңізді, себетін әтіріңізді, жүретін жолыңызды мұқият таңдаңыз. Ұсақ-түйек деп жадағай тастамаңыз. Бұл – физикалық дискомфорттан құтылудың қарапайым әдістері.
Айтылғандай-ақ, сырты дүрдей адамның көңілі қамырықты болса, іс аяғы құрдымға шабады. Мұндайда харизманың жұқанасы да қалмайды. Сыртқы сұс ішкі сенімнің сабақтас жалғасы. Автордың байқауынша, адам баласы әманда өзін басқамен салыстарып отырады. «Ананы жасағанда бақытты, мынаны бітіргенде мәртебелі болар едім?!» деп құр қиялдап қана қоймайды, күмілжиді, қамығады, керек десеңіз, жер болады. Бұлайша бей-берекет шендестіру харизманы қалыптайтын 3 элементтің соңғысын – бар болмысыңызбен сол жерде болу (presence) дегенді жоқ қылады. Сұқбаттас адам аспандап кеткеніңізді, ойша басқа жерде жүргеніңізді бірден таниды. Қазіргі халіңізге риза еместігіңіз андағайлап тұрады. Шындап келгенде, бұл әдеттен құтылу оңай емес. Себебі мидың терең қатпарында берік орнығып, болмысымызбен біте қайнасқан. Құлан-таза арылу қиын болғанымен, әлсіретіп, дәрменсіз кепке түсіруге болады. Тәубе айтыңыз, барлық іске билігіңіздің жүрмейтінін мойындаңыз. Тағдырдың талғамы деңіз, я да басқа себепке тіреңіз. Әйтеуір, өзіңізді жазғырмаңыз, еншілі сыбағам деп қабылдаңыз. Жабылып қалған есікке телміргенше, жаңадан ашылған қақпаға жақындаңыз.
Харизмаға соққы беріп, есеңгіретіп тастайтын тағы бір кеселді хал бар. Автор мұны өзін-өзі кінәлау, сынау (self-criticism) деп атайды. Әлдебір интервьюға кетіп бара жатқанда жолай жүз түрлі ой келеді, дейді ол. Беделіңізді жерге теңеген мінеу, шенеу сөздер ойға оралады. Сәтсіз аяқталған жүздесулер жадыңызда жаңғырады. Өзіңізді басынан бағы көшкен, талайы теріс адам ретінде сезінесіз. Мұндайда бұйырып тұрған жұмыс жоққа саяды, орайы келіп тұрған мүмкіндік сағымға айналады. Жалғыз себеп – өзіңізге деген сенімсіздік. Ұмыт болған баяғы оқиғалар бүгінгі күніңізді белгілеп жатса, басқадан емес, өзіңізден көріңіз. Автордың айтуынша, аяқ-қолы қарпымды, дайындығы күшті атлеттердің өзі бұл күйді айналып өте алмайды. Егер зиянды ойларға дер кезінде төтеп бере алмаса, жетегінде кетсе, салтанаты төмен сайыстардың өзінде аяқтары аспаннан келеді.
Невро Лидершип Институтын негіздеген Дэвид Рок түпсіз үрейге бой алдырған адамның аналитикалық ойлануға, креативті пайымдауға, шиыры көп проблеманың күрмеуін ағытуға қауқарсыз келетінін қадап айтады. Өзін-өзі кінәлау әдеті – кез келген саладағы сарабдал перформансқа үлкен бөгесін. Бизнестің беймәлім белестерін білтелі шаммен адақтап жүрген кәсіпкер қауым атаулы құбылысты бұйығы киллер (silent killer) деп атықтырған. Әрине, тұтқиылдан төніп келіп, қылтаны қиып жіберетін дүлей күшіне орай. CEO-лар да, қаражаяу қызметкерлер де көп уақыттың мағнасыз ой мен негізсіз үрей, кенеусіз күмән мен жүгенсіз күдік ішінде өткізетінін жасырмайды. Әлдебір басшы: «Уақытымның сексен пайызын өзімді сынаумен, жөнсіз кінәлаумен өткіземін», – деп, Авторға ағынан жарылған екен.
Осыған ұқсас орайсыз тосқауылдарды тәптіштей келе, Автор оларды еңсерудің жөндем жолдары мен үлгілі тәсілдерін түсіндіреді. Көп ретте, көкейдегі ойдың жетекші фактор екені айтылады. Әуелі, «destigmatize discomfort» деп бастайды, сосын «neutralize negativity» деп үстейді, ақырында «rewrite reality» деп тоқтайды. Басқаша айтсақ, түпсіз қорқыныштың шырмауында кетпес үшін ақиқат жағдайды асыра мен әсіреден арылту, түпкі болмысына үңілу, салқын парасатпен салмақтау қажет дейді. Соңғы кеңес көз көріп, көңіл ұғып тұрған дүниені қоспасыз, сол қалпында қағазға түсіру керек деген сөз.
Сөз соңында мынаны да айтайық. Өскін, жеткін кезінде ешкіммен жұғыспайтын, дербес жүретін, томаға-тұйық Оливиа Фокс өзінің осы бір халін түсінуге талпынған екен. Айтуынша, оның алдында екі-ақ таңдау тұрған: Дүниеден баз кешіп, оқшау аралға жер аудару. Сөйтіп, адам атаулыдан бір-ақ күнде түбегейлі құтылу. Я да бойдағы біртүрлі халдің шығу тегін түсініп, бірте-бірте өзгеруге бет алу. Оливиа Фокс аса күрделі мәселені түбегейлі зерттеуге бекінеді. Көп ұзамай, өзі тапқан қағидаларды өміріне көшіріп, көшелі кісіге айналады, сіз бен біздің харизма турасында біршама мағлұматқа қанығуымызға ұйытқы болады.