Кітап оқу: қызығушылық пен кедергілер
Райан Холидэй
Көлденең жұрт, әдетте, кітап оқитын адам туралы алыстан естісе немесе жақыннан жолықтырса, тезінен «оқу машығы жылдам екен» деп таңданып жатады. Бұл маған да қатысты жағдай. Таныс-біліс, дос-жаран, туған-туысқан – бәрі-бәрі менің жылдам оқу тәсілімді білгісі келеді. Сан рет сұрау салып, мазамды алғаны да рас. Көбінше, ондай құпия-сырымның жоқтығын айтып жалтарған боламын.
Жылына жүздеген кітап тауыссам да, ақырын, баяу оқитын жан екенімді жасырмаймын. Әсілі, керекті тұстарын түртіп отыру үшін оқу барысын қасақана баяулататыным да рас. Ендеше, мұншама кітап оқуға уақыт қайдан табыла кетеді?
Осы біз күніне 3 мезгіл тамақ ішуге қалайша үлгереміз? Қалыпты ұйқы режимін асыра орындауға неліктен құмармыз? Отбасымызға немесе сүйіктімізге арнайы уақыт тауып, жан рахатына бөленетініміз қалай? Бізге ешкім, ешқашан артығымен уақыт бермейді. Солай ғой?! Аса маңызды болғандықтан, амалсыздан орындаймыз. Оны тіпті мәжіліс қып жатпаймыз, табан астында іске асырамыз. Меніңше, біздерді кітаптан суытып, бірте-бірте іргемізді ажыратып, бөлектейтін 3 кедергі бар. Оларды осы жерде тізбелеп, арнайы тоқталамын.
Уақыт
Кітап оқуды орындалуы міндет, талассыз парыз деп қарау әбестік. Оқу – тамақтану және тыныс алу секілді табиғи үдеріске, өміріміздің ажырамас бөлігіне айналса игі. Өзіңізбен ұдайы кітап алып жүруді әдет қылыңыз. Қол қалт еткенде парақтай жөнелесіз. Қалтафоныңызға ойындарды жүктемеңіз. Бұл – сіздің кітап оқитын уақытыңыз. Тамақтанып жатқанда оқыңыз. Пойызда, метрода, күту залында, әуежайда, кеңседе тағы оқыңыз. Бұл – аса мағыналы, өте маңызды жұмыс. Өзгелердің осы бір ақиқатты жоққа шығаруына ерік бермеңіз. Күніне қанша уақыт ысырап ететініңізді білесіз бе? Көңіліңіз дауаламаса да, еріксіз жасалатын мәнсіз кездесулер, нәрсіз теледидар шоулары. Егер бұларға уақыт тапсаңыз, онда сөзсіз кітап оқуға да уақыт табылады (ең абзалы, сол әрекеттерді кітап оқуға алмастыру).
Ақша
Кітапқа келгенде ақша мәселесін тақа ұмытыңыз. Оқу – оп-оңай бас тарта салатын дүние емес, өмірлік қажеттілік. XVI ғасырда өмір сүрген көрнекті ғалым Эрасмус: «Ақша табыла кетсе дереу кітап аламын, қалған тиын-тебенді тамақ пен киімге жұмсаймын», – деген екен. Түптеп келгенде, кітап – қайтарымы мол, атаулы инвестиция.
Ара-тұра көзтаныс, жүзтаныс кісілер кітап алуға ниет қып, жоспар құрып жатады. Қайдағы жоспар деймін сонда. Малтықпай лезде сатып алыңыз. Бұрнағы жылдары өзіме берген уәде-сертім бар: көңілім ауған кітапты көзім шалғанда ойланбастан сатып аламын. Уақыт та, ақша да, жалқаулығым да кедергі болмақ емес. Кітаптың бағасы төмендейтін, қағаз нұсқасының жария шығатын күнін сарыла күтіп уақыт жоғалтпаңыз. Егерде оқуға тұрарлық кітапқа тап болсаңыз, тезінен «қолды қып», кітапханаңызды байыта түсіңіз, кейінге ысырмаңыз.
Көпке ортақ кітаптарды емін-еркін қолдану мүмкіндігінің аздығынан кітапханаға ат ізін салмаймын. Шынтуайтында, кітап біткенді қалауымша илеп, шамам жеткенше еңсеріп, игеріп, меңгеріп кеткім кеп тұрады. Ал, ондай тежеусіз билікті тек сатып алынған кітапқа ғана жүргізесіз. Ойқы-шойқы ескертпелер, қиқы-жиқы сілтемелер – бәрі-бәрі сіздің дәргейіңізде үнсіз, үмітсіз жатқан бір бума қағазға ғана жасалуы мүмкін «қиянат». Әрине, теріс, бөтен ниеттен тумайды, таңбалармен жеткен толымды ақпар, түйінді ойларды бетінен сүзіп, шетінен сығып, толайымен бойға сіңіру үшін жасалады. Зады, кітабым біраз жұлмаланып, аузы-мұрнынан түтін шықса да, сүйегі бүтін шығады.
Мақсат
Кітап дүниені ұмытып, көңіл көтеру үшін ғана оқылмайды. Адам баласы ілім-білімді 5000 жыл бойы үйреніп, таңбаға түсіріп келеді. Сізге жұмбақ, тосын, күрделі көрінген сан алуан сұрақтар бір заманда талқыға түсіп, шешімін тапқан да, кітап арқылы бүгінге жеткен. Басыңызды ұдайы тасқа соғып, сөлекет қателермен үйренгенше, өткелек, бөгесіндерді әу бастан бағдарлап, тиісінше бағамдап, арманды тұғырға өзгеден ерте жетіңіз.
Үйім кітапқа толы, еденнен шаңыраққа дейін тірелген сөрелерде бос орын, үңірейген саңылау жоқ. Кітаптарымның көптігі сонша, кейде басқа жерден қосалқы орын жалдап, оны да сықита толтырамын. Алайда, әлгі кітаптар жалдауға кеткен ақшаны толайымен өтейтінін білгендіктен, көңілім тоқ, ұйқым тыныш. Олар мені оздырып қана қойған жоқ, қалтамды ақшаға толтырып, қоғамда бетті-беделді етті.
Кітап оқу – тек білім алу емес. Ол – адам болу бағдарында жасалатын талаптың ажырағысыз бөлшегі, талассыз жаршысы. Ол – өзіңізді жыға тануға, өмірді барынша ұғынуға, оны одан әрмен жақсартуға негіз, темірқазық. Мұны жоққа шығарсаңыз, сізді ақылдылардың қатарына қосуға мен де жоқпын. Атақты Джим Рон кезінде: «$1 миллионнан жоғары бағаланатын үйлердің әдетте кітапханасы болады. Бұл бізге ой салуы керек», – депті.