Жаза білу – жақсы өнер
Америка универсеттерінің түгелге жуығы (93 пайызы) қоғамдағы көп түйткілді шешудің жолы –критикалық ойлану қабілеті жоғары мамандарды дайындау деп біледі. Ал айтылмыш қабілетті шыңдаудың ең ұтырлы әдісі –жазу машығын қалыптастыру. Дәлел-дәйексіз емес. Өткен, өтіп жатқан мың сан тәжірибе ұдайы жазып тұратын студенттердің критикалық һәм аналитикалық ойлануға мейлінше алымды келетінін анықтап жүр. Жазуға төселіп, қол бастықтыра бастаған қандай да жастың айналасы бір семестрдің ішінде ойлану қабілеті өлшеусіз артатынынтағы да айғақтап отыр.
Жазу– ұзынды-қысқалы сөздерді таңбаға түсіру ғана емес, мидың талшықтарын тіркестіре жалғап, кеңінен ойлану деген сөз. Ал,ойлану қабілеті тек қалам үшін кертіп жеген жазармандарға емес, адам боп туған жандықтың бәріне керек. Қарымды қаламгер Джоан Дидион: «Қағазға түсірмесем, не ойлап тұрғанымды білмеймін», – деген екен. Мақтаулы Пулитцер сыйлығын екі мәрте жеңіп алған Дэвид Маккалоу: «Жазу деген – ойлану. Жақсы жазу деген– жақсы ойлану. Сондықтан жазу оңай жұмыс емес», – деп тоқтаған. Бірсыпыра бестселлердің авторы Стивен Кинг: «Жазу деген – өңделген ой (refined thinking)», – деген. Даңқты жазушы Курт Воннегат жазуды толысудың, рухани жағынан өсудің бірден-бір жолы деп сыпаттаған.
Құбылмалы жұмыс нарығында ойлана алатын, сәйкесінше, жаза алатын адамның мүмкіндіктері көл-көсір. Басқаны айтпағанда,ондай адам талмай, талықпай бір мәселеге қатысты кітап-журнал қопарып,түйінді пікірлерін қағазға түсіруге жараса, аз уақытта ірі білгірге, іребдел сарапшыға айналады. Себебі бір тақырыптың қалтарыс-бұлтағына бойлау үшін құроқу жетпейді, қаймағын сүзіп, оқтын-оқтын ой елегінен өткізбекк ерек. Ал, мұның ең дәріпті жорасы –шикілі-пісілі бағамдар мен татымды-татымсыз толғамдарды жүйелі түрде жазып отыру. Ауада ізі, суда сілемі жоқ нәрсенің кемістігін табу, кемеліне жеткізу мүмкін емес. Жазылған, орнында тұрған дүние ғана оңалмақ.
Кремний аңғарындағы салымды инвестор Бен Хоровитз жазбаша жасалған жұмысты ауызша біткен тапсырмадан артық бағалайды. Айтуынша,қағазға түскен қандай да ақпар маркетинг бөлімінен инженерлік департаменттегі қызметкердің бәріне түсінікті болған жағдайда ғана, ойдағы жоба көлденең қиындықсыз жүзеге асады. Ал егер ұзынды-қысқалы мәтіннің мұраты бұлыңғыр, мағнасы ақсақ боп шықса, теріс ұғынатындар мен бұра тартатындар көбейіп, іс аяғы құрдымға шабады. Хоровитз тиянақты менеджерді түпкі байламы мен ақырғы шешімін ұғынықты етіп жеткізе алатын, жауапкершілігі мол адам деп сыпаттайды. «Болашақтан үмітті менеджер қалам тербеуге машықса, келешегіне күмәнді менеджер аузымен орақ оруға асығады», – дейді ол.
Intel корпорациясының іргесін көтерген Энди Гров да жазу процесінің айрықша маңызды екенін айтады. Оның ойынша, жазу оқудан да пайдалы. Себебі қандай да мәселені жеткере ұғындыру үшін әуелі тазалай көшіріп алу керек. Сонда ғана кем-кетігі көзге ұрады. Гров«көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі» қашпасын десеңіз, алдымен таңбалап алуды үйреніңіз дейді.
WayUp сайтының тұтқасын ұстаған Лиз Уэсселдің айтуынша,ХХІ ғасыр экономикасы жазу машығына айрықша басымдық беріп отыр. Сауатты жаза алатын адам жаһандық өредегі қомпанияның ғана емес, компьютерге көшкен кез келген құрылымның көсегесін көгертеді. Әріптестер арасындағы толассыз ағылатын электронды хаттар, бастықтарға жазылатын арнаулы репорттар, таныс-бейтаныс клиенттерге жөнелетін ұсыныстар – бәрі-бәрі бас-аяғы бүтін мәтін әзірлеуді керек етеді.
Сайып келгенде, корпоративтік әлемде несібе іздеген бәкене қызметкер сауатты жазып үйренсе, жерде қалмайды,мұратына жетеді.Әйткенмен, жазу машығы тек тіршілік қажетін айырып, айшықты карьера жасау үшін емес, ара-тұра ой-толғамдарды қағазға түсіріп, ел-жұртпен бөлісу үшін де керек. «City of the Sun» бестселлерінің авторы Джулиана Майоның пайымынша, өмірге келген әрбір адамкем дегендебір кітап жазып кетугетиіс. Майо ең басты себеп ретінде жазудың терапиялық қасиетін атайды. Оның үстіне, артыңызда атаулы белгі, бедерлі із қалатынында ескертеді. Ұрпақ-зәузатыңыз ғана емес, бәлкім, көлденең жұрт та оқиды. «Бұл дүниеден пәлен деген адам өтіп еді» деп айтып-біліп жүреді.
Дей тұра, күнделікті тіршілік қамындағы, мардымсыз жұмыс астындағы кеңсе қызметкерінің ілдалдаға жарайтын,тәуірдүние тудыруы – қиынның-қиыны. Джордж Оруэлл қандай да шығарманы оқымай тұрып, алдымен авторының тағдыр-талайымен танысып шығады екен. Бұралаңсыз, бүгіліссіз, апан, жырасыз қасқа жолда жүріп, құбатөбел тіршілік кешкен жұмыр бастының әлдеқандай бір даналыққа жетіп, жөндем кітап жазып шығатынынасенбесе керек.
Бірталай бестселлерді дүниеге әкелген Райан Холидей, Тим Феррис сынды кәсіпкер-жазармандардың бір жерде омалып отыра бермей,жер-әлемді қоймай адақтайтыны содан.Олар қандай да кітапқа кіріспес бұрын, сан-сапалақ жобаларды жүзеге асырады. Тәуекелге жүгініп, одағай қадамдар жасайды, ізінше көрген-білгенін салғастырады, шендестіреді, сан түрлі ұқсастық, мың түрлі алшақтық табады. Жаңаны танып, жақсыны үйренеді. Содан соңғы жерде түйінді ойларын жарияға шығарып, құрметке жетеді.
Ендеше, жұмыстан тыс, бейсауат уақытта кітап жазуға бел байласаңыз, қалыпты өмір ағысынан сәт-сәт шығандап кетуді әдет қылыңыз. Ел-жер көріңіз. Жатпен жұғысып, бөтенмен ұғысыңыз. Көре-көре көсем шығады деген. Таным аумағыңыз кеңейіп, тәжірибеңіз молайса, айтарыңыз да байыпты болады.
Әйтсе де, жақсы жазу үшін бұл жетпейді. Соңғы бес ғасырда жасаған сөз зергерлерінің түгелге жуығы шет жұрттың тіліне жетігудің маңызын айтады. Нақысты жазамын деген талапкер ана тілінің ұңғыл-шұңғылын біліп қана қоймай, кем дегенде 2-3 шет ел лұғатын меңгергені жөн. Сонда ғана сапалы өрнек салып, тың, мүлде соны дүниелер шығарады. Бұл тарапта «қолды мезгілінен кеш сермеу» деген қауіп жоқ. Талап болса, кез келген тілді еңсеруге болады. Мәселен, немістің ұлы ақыны Гөте сегіз жасында француз, грек, италиян, латын тілдерімен танысқан да,сексенге иек артқаншағында дүниенің ең шиыртпақты тілдерінің бірі – парсышаға ауыз салған. Селсоқ емес, шындап бой ұрған. Арада екі-үш жыл өткенде аударма жасай алатын өреге жеткен.
Қайткенде де, шет жұрттың тілі көкжиегіңізді түріп, алдыңызға жаңа бір әлем тартады. Уақыт тезінен өткен өміршең еңбектерді түпнұсқада оқуға мүмкіндік береді. Басқалар жетпеген қияға жетелеп, басқалар шықпаған заңғарға шығарады. Ал егер асқар биікте тұрып көрген-білгеніңізді жазып шықсаңыз, еңбегіңіз ескерусіз қалмайды, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Анығы, технологияның қарымы ұзарған бүгінгі байырқалы заманда жазудың да шырғалаңы азайды. Жаңа бір сөз айтам деген адам қолжазбасын құшақтап, көзі түзу баспагер іздеп сандалмайды,өзіне оңтайлы дивайсқа түсіреді де, қалаған уағында жарияға шығарады. Мұндай кеңшілік арғы-бергі тарихта ешбір ұрпаққа бұйырмаған. Қадірін түсініп, толайымен пайдаланбақ керек.
Оның үстіне, технологияның арқасында алыстағы жақындап, жақындағы еңселене түскені де ақиқат. Шалғай өлкелерге барыс-келіс молайып, қашықтық кәдімгідей қысқарды. Елден шығандап кететін кездер болса, бос барып, бос қайтпаңыз, көрген-білгеніңізді таңбаға түсіріп, ойша парықтаңыз. Көз ғана көрмесін, көңіл де байыптасын.
Түйіп айтқанда, жазу – карьера жасау үшін де, мағналы ғұмыр кешу үшін аса қажетті машық. Бүгінгі заманның адамы ел көремін, тіл үйренемін, байып-бағамымды таңбалап, жұртқа жеткіземін десе, көп әбігерге түспейді. Шектеулі уақытта арманды шыңына шығады да, көңілі қаласа, артық қиындықсыз шартарапқа жарлайды. Сондай талайлы дер едік. Сіз де қалыс қалмаңыз, кенеусіз мүмкіндіктерді кәдеге жаратып, өзіндік қолтаңбаңызды қалыптаңыз.