Қызылордада пәтерді заңсыз жалға беріп келген азаматтар анықталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап 10 желтоқсан аралығында облыс көлемінде «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында барлығы 12104 тексерістер жүргізілсе, оның ішінде 3615 пәтер және 8489 жеке меншік үй араланды.
Тексеру барысында, облыс көлемінде барлығы 7 пәтер заңсыз жалға ұсынылып жатқандығы анықталып, жергілікті жерлердегі мемлекеттік кірістер басқармаларына ұсыныстар жолданды.
Сондай-ақ белгілі тұрақты жері жоқ 17 тұлға ұсталып, қабылдау тарату орындарына жатқызылды.
Ішкі істер органдарының профилактикалық және тізімдік есебінде тұрған 547 азаматтың тұрғылықты мекен-жайларынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, олармен қылмыстарды қайта жасамау бағытында профилактикалық әнгімелер жүргізілді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында барлығы 89 тұлға ішкі істер органдарының әр түрлі санаттарымен профилактикалық есебіне алынды. Облыс көлемінде көші-қон заңнамаларын бұзудың 99 дерегі анықталып әкімшілік хаттамалар рәсімделсе, 1 азамат елімізден шығарылды. Барлығы 1128 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталып, олар бойынша тиісті шешім қабылданды.