Бизнес-омбудсмен Қызылордада кәсіпкерлерді жеке мәселесімен қабылдады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болған Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов алдымен «Кәсіпкерлер үйіндегі» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, одан кейін аймақ кәсіпкерлерін жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауда ауыл шаруашылығы, құрылыс, білім беру, медицина саласы бойынша жұмыс жасайтын кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтарды, фармацевтиканың проблемасын, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілеріне берілетін субсидияның мәселесін көтерді.
Болат Палымбетов өз кезегінде әр мәселені мұқият тыңдап, шешу жолдарын қарастыру үшін бизнес-омбудсмен аппаратымен бірге тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізетіндігін, аталмыш мәселелерге қатысты кәсіпкерлермен байланыста отыратындығын, қажетті шараларды қабылдайтындығын жеткізді.
Айта кету керек, осы жылдың 8 айының өзінде Кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау бойынша 203 өтініш түсті. Орташа есеппен Палата сарапшылары түскен өтініштердің 30 пайызында оң шешімге қол жеткізе алды. Нәтижесінде кәсіпкерлердің 195 млн. теңгеден аса қаражаты сақталып қалды.
Биылғы жылы түскен өтініштердің құрылымына жасалған талдау 15 пайызы сатып алуларға, 14 пайызы сәулет-құрылыс саласына, 12 пайызы салық, 11 пайызы жер қатынастары салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне қатысты екенін көрсетіп отыр.
Бір ғана 2018 жылдың өзінде Палатаның бастамасымен азаматтарға кәсібін жүргізуге кедергі жасаған 19 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2019 жылдың 8 айында облыстың 9 мемлекеттік қызметкеріне тәртіптік шара қолданылған. Оның ішінде 4 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар, 5 жыл ішінде Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 29 отырысы өткізілген. Отырыстарда 73 жүйелі мәселе қаралып, оның 58-сы оң шешімін тапқан. Нәтижесінде 800-ден аса кәсіпкердің құқықтары мен заңды мүдделері қалпына келтірілген.