«Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында келелі кездесу өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында «1 қазан -Халықаралық қарттар күні» мерекесі қарсаңында тағылымы мол кездесу өткізді.
Кездесуге қоғамның әртүрлі салаларында еңбек еткен ардагерлер шақырылып, олардың өнегелі өмірлері мен еңбек жолдары кейінгі жас буынға үлгі етілді.
Келелі жиында ардагерлеріміз Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия қызметін жаңғырту, халықтың партияға деген сенімін арттыру, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстардың партия филиалы, жастардың тарапынан жүзеге асырылу жұмыстарымен танысып, өз ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар еліміздің ертеңі жас ұрпақтың бойына, туған жерге, елге, халыққа деген сүйіспеншілікті арттыру, отбасы құндылықтарын сақтау, рухани дүниемізді жаңғырту бағытында өздерінің ақыл кеңестерін айтып, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудағы өз ұсыныстарымен бөлісті.
Шара барасында ардагерлер облыстық партия филиалының алғыс хаттарымен марапатталып, мерекелік сыйлықтар табысталды.