Аралда «Халқыма қызмет керуені» акциясы өткізілуде
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен 16-30 қыркүйек аралығында аудан көлемінде «Халқыма қызмет керуені» тақырыбында акция өтіп жатыр.
Акцияның негізгі мақсаты – ауданға қарасты шалғай орналасқан барлық елді-мекен тұрғындарына бүгінгі күнгі халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы күнделікті тұрмыс-тіршіліктегі өзекті мәселелерге ерекше назар аудара отырып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын көтеру мен кеңінен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.
Акция аясында аудан прокуроры Асхат Тәженов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Нұрбол Әбдіразақ Қаратерең, Бөген, Жаңақұрылыс, Қосжар, Аманөткел, Қызылжар, Қамыстыбас, Ақбай, Аралқұм елді мекенедерінің жай-күйімен танысып, тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында жергілікті тұрғындардың қылмыстылық, құқық бұзушылық ахуалы, жер мәселесі, коммуналдық мәселелер, әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық қызмет сапасының көрсетілуі, тиесілі адамдардың тегін дәрі-дәрмектермен қамтылуы, мүгедек жандардың құқықтарының сақталуы, кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тиісінше аталған түйіткілді мәселелерге сала басшылары жауап беріп, назарға алды.
Осы орайда, аудан прокуроры әлеуметтік мәселелермен қатар, халық арасындағы қылмыстық ахуалды, алаяқтық, мал ұрлығы, кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, бұзақылық және жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жол-көлік оқиғаларынан сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, аудан бойынша алаяқтықтың бірнеше деректері тіркелгендігін айта келе, түрлі алаяқтық түрлерінен, соның ішінде ғаламтор арқылы өршіп тұрған ақша жымқыру, тұрғындардың сеніміне кіру арқылы алдап ақша алу деректерінен сақтануды ескертті.
Мұнан өзге, кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің жыныстық еркіне қол сұғумаушылық, әлеуметтік желіні қолдануы нәтижесінде дәстүрлі емес діни ағымдарға еліктеушілігі, басқа да рұқсат етілмеген сайттарға кіру, өз-өзіне қол жұмсау сынды мәселелеріне тоқталып, аталған жайттардан ата-аналар мен мектеп ұжымы тарапынан оқушыларды қатаң бақылау қажет екендігін тапсырды.
Кездесу соңында ынта білдірген тұрғындар арасында жеке қабылдау өткізілді.
Айта кету керек, акция одан әрі ағымдағы жылдың 24 қыркүйегі – Сексеуіл кенті, Шижаға, Сазды ауылдарында, 25 қыркүйегі – Қосаман, Ақеспе, Мергенсай ауылдарында, 26 қыркүйегі – Жақсықылыш кенті, Тоқабай, Сапақ ауылдарында жалғасатын болады.