Австриялықтар қазақ отбасы үшін митингке шықты (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Австрияның Нидервальдкирхен қаласында «Адамгершілік мерекесі» атты акция өтті. Олардың мақсаты депортациялануы мүмкін, Қазақстаннан келген отбасын қолдау, деп жазады kursiv.kz басылымы.
Шетелдік басылым Қазақстаннан келген отбасының қалада 2015 жылдан бері тұратынын, олардың 8 және 10 жастағы екі баласы барын жазады. Қала тұрғындарының айтуынша, отбасы неміс тілін үйреніп, жергілікті қауымдастыққа жақсы сіңісіп кеткен.
Мақалада қазақстандықтар 2013 жылы өздеріне қауіп төнген соң елден кетуге мәжбүр болғаны айтылған. Бұл қауіп әлі де сейілмеген көрінеді.
Қала тұрғындары қазақстандық отбасының тағдырына араша түсіп, оларды қолдау мақсатында митингке шыққан.
«Олар әртүрлі фестивальдарға қатысып, көшет отырғызу секілді қоғамдық қызметке жақсы араласады. Көп уақыт бойына олар біздің жанымызда жүріп, өз отбасымыздай болып кетті, әрине қапалымыз, оларды қайта Отанына жер аударудың себебін де түсіне алмай отырмыз», - деді жергілікті тұрғын Мариан Хорецедер.
Мақалада қазақстандықтар туралы мәліметтер, не үшін депортациялау шешімі шыққаны айтылмаған.
«2013 жылы 2 және 4 жасында балаларымызды ұрлап, бізді бопсалаған. Содан кейін біз кетіп қалдық ол жақтан. Сондай шешім шығардық», - дейді Австрияға бас сауғалап барған Қазақстан азаматтары.