Жалағаштағы «Мақсат» фермерлік қожалығында дала күні өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданындағы «Мақсат» фермерлік қожалығы 120 гектарға күріш және 30 гектар жерге жоңышқа екті. Мұндағы мамандардың айтуынша егіс алқаптарында жүрген техниканың бәрі жарақты. Әзірге гектар берекесі 60-65 центнерден айналуда.
«Әр гектардан 60 центнерден жоғары өнім алғанда тұқымы бар, жанар-жағар майы бар, салығы мен еңбеккерлерге төленетін жалақыны қоса өзін-өзі ақтап шығады. Негізі 4 жылдың көлемі болды, күріш дақылын егумен айналысып келеміз. Әр жылда мол өнім алуға тырысып отырмыз. Бір қуанарлығы биыл күріштің шығымы жақсы», – деді шаруашылық басшысы Мақсат Дәулетбеков.
Мұнда 14 адам жұмыс істейді. Барлығы осы ауылдың азаматтары. Өнімнің бітік шығуы үшін аянбай тер төгіп жүрген майталман механизаторлардың бірі Марқабай Бегалиевтің осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс жасапты.
«Көктем шыға дала қосына аттанамыз. Жер жыртып, дән сеуіп, атызға су жібергенше техникадан түспейміз. Одан кейін егінді күтіп-баптауға кірісеміз. Жалпы осы жұмыстардың артында қызу еңбек жатыр ғой. Ал күріш піскен уақытта атызға түсіп, дәнді ысырапсыз жиып алуға жұмыламыз. Өзім негізі жаткист әрі механизатормын. Бәріміз бір үйдің баласындай аянбай еңбек етіп, мол өнім алуға тырысып келеміз», – дейді Марқабай Бегалиев.