«Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойызда нәресте дүниеге келді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 23 қыркүйек күні №91 «Қызылорда – Нұр-Сұлтан-Нұрлы-жол» бағыты бойынша жүретін жолаушылар пойызының Тараз –Шу жол телімінде нәресте дүниеге келді. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығы хабарлады.
Аталған бағыттағы пойыздың 6 вагонында келе жатқан Гүлнұр Жолдас жол үстінде толғатып, пойыз бригадасы пойыздың ішіндегі радиожелі арқылы жолаушылар арасынан дәрігерді іздейді.
Абырой болғанда сол құрамда білікті акушер мамандары, атап айтқанда, Шолпан Ембаева, Дәркен Байқошқарова, Ботагөз Көшербаеваның сапар шегіп бара жатқаны анықталады. Бірден 6 вагонға келген олар жолсеріктердің көмегімен жүкті әйелді босандырып алған.
Шу стансасына жеткенде оларды жедел жәрдем көлігі тосып алып, жақын маңайдағы ауруханаға жеткізді.
Компания өз атынан қол ұшын созған жолаушылар мен пойыз бастығы Меруерт Қорабаевға алғысын білдіреді.
Туылған нәрестеге кейіннен анасы Меруерт деген есім бергені белгілі болды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығының хабарлауынша, компанияға қарасты барша жолсеріктер әр уақытта алғашқы медициналық және штаттан тыс жағдай кезінде көмек көрсету оқу-тренингтерінен өтеді. Өткен жылы жол үстінде 10 бала дүниеге келген.
Комментарии 1