Аралдағы балықтың жаппай қырылу себебі анықталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Арал ауданы, Қамыстыбас көлінің солтүстік батыс беткейінде орналасқан «Тоқпай» қашқын суында балық шабақтарының не себепті қырылып қалғаны анықталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғалымжан Орақбаев пен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов хабарлады.
Шабақтардың қырылып қалуына ауа-райының күрт өзгеруі себеп болған. Яғни «термоклин» жағдайы туындап, су құрамындағы оттегі құрамының мөлшері өзгергендіктен шабақтар қырылып қалған. Сараптама қорытындысын жүргізген мамандар бұл соңғы 5 жыл ішінде тіркелмеген жағдай дейді.
«Қазіргі таңда балық шабақтарының қырылу деректеріне жол бермеу мақсатында балық қырылу дерегі орын алған жерге жақын орналасқан учаскелердің табиғат пайдаланушылары қалған балық шабақтарын құтқару жұмыстарын жүргізіп, өздеріне бекітілген су айдындарына жіберу шаралары ұйымдастырылды», - дейді инспекция басшысы Ғалымжан Орақбаев.