Қызылордада кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы жол картасы бекітілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Болат Палымбетовтың кәсіпкерлік субъектілерімен кездесуі өтті. Күн тәртібінде бизнес саласының проблемалары талқыланып, кездесу қорытындысымен Жол картасына қол қойылды.
Өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мақсатында «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асырылуда.
Биыл әртүрлі көздерден қалыптастырылған жалпы бюджеті 34 млрд. теңгені құрайтын арнайы «Жол картасы» бекітілді. Оның ішінде, 5 млрд. теңгеден астам қаражат мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру бағытында Орталық инженерлік желілерге техникалық шарттарды электронды форматта ұсынуда. Қазіргі таңда, жер телімдерін алу рәсімдері электронды нысанға көшірілген. Облыс әкімдігінің Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Өңірлік кәсіпкерлер кеңесімен 2013 жылдан бастап тығыз жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің 20 отырысы өткізіліп, шағын және орта бизнес саласында 50-ге жуық мәселелер қаралып, оң шешімін тапты»,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға барынша қолдау көрсету мақсатында алдағы уақытта атқарылатын шаралар бойынша облыс әкімдігі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдігімен бірлесіп 8 тармақтан тұратын арнайы Жол картасы әзірленіп, бүгінгі кездесуде бекітілді.
«Сіздердің кәсіпкерлік ортаны дамытуға қатысты қандайда бір идеяларыңыз болса, біз оларды бірлесіп талқылауға дайынбыз. Осы қабылданған және алдағы уақытта қабылданатын шаралардың барлығы өңір бизнесінің дамуына қолайлы жағдайлар туғызады деп ойлаймын»,-деп қорытындылады облыс әкімі.