Қызылорда облысында өрт қауіпсіздігінің алдын алу шаралары өтіп жатыр
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балалар мен атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жалғызбасты қарт азаматтар тұратын пешпен жылытылатын үйлердің тізімін жасады. Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің міндеті олардың тұрғылықты жерін анықтау ғана емес, сонымен қатар, барлық жылыту кезеңі ішінде тұрақты негізде олардағы өрт қауіпсіздігінің сақталуын бақылауда ұстау, азаматтардың осы тобына үнемі келіп нұсқау беру, оларға өрт қауіпсіздігі ережелері жөнінде ұсыныстар жасау.
Қызылорда облысы ТЖД-ның инспекторлық құрамы аула аралау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 500-ден астам тұрғын үй қамтылып, 1500-ден астам жадынама таратылды. Азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау барысындағы кемшіліктерді қалай жою керектігін, жылыту пешін және газ пешін қалай дайындау керектігін және жылыту кезеңінде оны қалай бақылау керектігін айтты.
Аулаларды аралау туралы жергілікті «Қоғам ТВ» телеарнасының өкілдері бейнесюжет түсірді. Сонымен бірге, осы үгіт-насихат шаралары туралы бейнеролик түсіріліп, Қызылорда облысы ТЖД әлеуметтік желісінде жарияланды.
Қызылорда облысы ТЖД өртке қауіпті заттар мен отты пайдалану барасында абай болуға кеңес береді. Себебі, сыртқы ауа температурасының төмен болуы кезінде жоғары қауіптілік көздері - пешпен жылыту, газ және электр жабдықтары болып табылады.
Облыстық басқарма өрттің пайда болу қаупін болдырмау үшін және тұрғын үйде сақталуы қажет қарапайым мына өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады:
- жанып жатқан пештерді және қосылған электр аспаптарын қараусыз қалдырмау қажет;
- балалар мен іс-әрекетке қабілетсіз отбасы мүшелеріне жылыту және жылыту құралдарын бақылауға жол бермеу керек;
- пештің артық қызуын болдырмау;
- бірнеше қуатты электр құралдарын бір уақытта қосып, сымға артық жүктеме салмау;
- электр құралдарын тек қана нұсқаулық бойынша пайдалану;
- қолдан жасалған қыздырғыштар мен өзге электр құралдарын пайдаланбау.
Сондай-ақ, автокөлік иелері көліктерінің өртеніп кетпеуі үшін оны қыздырғанда қадағалауы және рұқсат етілген тәсілдерді (ашық от, қыздыру шамын қолданбай) ғана пайдалануы қажет.