ҮЕҰ өкілдері қызылордалық полицейлермен кездесті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер «Жомарт» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Жан», «Ана Үйі» дағдарыс орталықтарымен бірлесіп, Жалағаш, Сырдария, Шиелі Жаңақорған ауданы полиция бөлімдерінің жеке құрамымен «Зорлық-зомбылықты жасаған адамдарға мәжбүрлеу шараларын қолдану тетігі» бойынша консультативтік кездесулер ұйымдастырылды.
Осыған байланысты арнайы жұмысшы топ құрылып, оның құрамына Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері, «Жомарт» қоғамдық қорының координаторы Майя Наримова, «Жан» ДО-ның басшысы Салтанат Сыздықова, «Ана Үйі» қоғамдық қорының координаторы Дина Жүсіпбаева кірді.
Кездесу барысында «Жомарт» қоғамдық қорының координаторы Майя Наримова күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, «Жан», «Ана Үйі» дағдарыс орталықтарының координаторлары «Полиция қызметкерлері мен дағдарыс орталықтарының арасындағы өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырудың» маңыздылығын және одан күтілетін нәтижелері туралы баяндады.
Сондай-ақ, «Ана Үйі» дағдарыс орталығының қолдауымен түсірілген «Қорғансыздың күндері» тақырыбындағы видеороликтер көрсетілді.
Білім бөлімінің ұйымдастыруымен, аудан орталықтарындағы бірнеше мектептерде 9-11 сынып аралығында оқитын қыздармен кездесулер өткізілді. Бұл жиында полиция қызметкерлері әкімшілік жауапкершілік туралы, ал дағдарыс орталықтарының өкілдері «Ерте жүктіліктің салдары», «Адам саудасы» тағы да басқа тақырыпта түсіндірме жұмыстарын жүргізді.