Аралдық атышулы емші бала Ерболсынның «тіреуі» болып жүрген генерал кім?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ел арасында «Үкілі бала» атанған Ерболсын Серікбаев ел естімеген жаңалықтарын жайып салды. Бірнеше жылдан бері есігінің алдынан адам арылмайтын емшімен сұхбат Nur.kz сайтында жарияланды.
Ерболсын Ақтөбе қаласындағы Кірпішті елді-мекенінен жаңа баспана тұрғызып алған.
Ол жер учаскесін өзіне емделуге келгендердің бірі сыйға тартқанын да жасырмады. Емшінің емі қонып, дертінен айыққан тұрғын қала іргесінен жер сыйлаған.
Қазір сол жерге баспана мен адам қабылдайтын орын салып алған жас емші өміріндегі соңғы жаңалықтармен бөлісті.
- Есейген Ерболсында не жаңалық?
- Менің қазір өмірімде өзгерістер болып жатыр. Екі жыл бұрын бір адаммен таныстым. Ол кісі маған ұнады. Өзімнің көңілімнен шығатын адам. 25-30 жасқа дейін жүргім келген жоқ. Сол адамды ұнаттым. Қазір біргеміз, жақын арада тойымыз болады. Толық жасымды айтпай-ақ қояйын.
- Кезінде телеканалға берген сұқбатыңызда имаммен араңызда түсініспеушілік болып, әңгімелеріңіз дауға айналды. Әлі де сол кездегі пікірдесіз бе?
- Мен имамдарды сыйлаймын, олар мені сыйлайды. Өзім 12 жасымнан медреседе араб тілін оқыдым. Ол жердегі қари мұғалімдердің қарым-қатынасы жақсы болды. Ол телеканалдағы жағдай шоу үшін жасалды. Бәрі де телешоу болатын. Мен де Аллаға сыйынатын адаммын. Ол кезде арамызда ұрыс болған жоқ. Тек әркім өз пікірін айтты.
- Қоғамдық көлікке мінесіз бе?
- Ия, кейде автобусқа мінетін кездер болады. Бірақ, қиын. Қоғамдық көлікке медициналық маска тағып мінемін.
Автобус түгілі пойызда «қолыңмен бір ұстап берші» деп сол жерде ем жүргізуді сұрайтындар бар. Ондайда емді қолмен ұстап жүргізбейтінімді түсіндіремін.
Көпшілігі бірге суретке түсуді сұрайды. Ешкіммен араздаспаймын. Жылы сөйлеп, суретке түсіп жатамыз. Халық болғаннан кейін қолдап, үлкен кісілер батасын береді. Көбіне жеке жүргізушіммен машинамен жүремін.
- Неден қорқасың?
- Әрине, бірінші Алладан қорқамын. Мен негізі жыбырлап жатқан нәрселерден қорқамын. Жаңа туылған мысықтың баласы деген секілді (күліп).
- Ерболсынның арманы қандай?
- Білікті емші, білікті дәрігер болу. Алла қаласа, өзімді барлығына дәлелдегім келеді, дәлелдеймін де! Атағы бар адамның артынан әрдайым әртүрлі сөз болады. Бес саусақ бірдей емес.
Әртүрлі сөздер айтатын адамдар бар. Оларға ертең сендердің балаларың қалай болады? Сал ауруымен туылған баланы дәрігерге барып емдей алмай, біреудің алдына барғанда осы жазғандарың есіңе түспей ме деп айтамын.
Құлақтан естіген сөзді айтып ғайбаттау үлкен күнә. Басқа пәле тілден. Сондықтан бәріміз де ауызға ие болуымыз керек.
Менің үлкен армандарымның бірі- білікті емшілер қауымдастығын ашу. Ресейде, Америкада көріпкелдер ұйымы бар. Мен де осындай емшілер қауымдастығын ашсам деймін. Арнайы халық көмегі деп салғым келеді.
- Ерболсынның достары кім? Танымал адамдардан кімдермен жақын араласасыз?
- Өнер адамдарының арасында жақын достарым көп. Ақылбек Жеменей, Асхат Тарғын, Назима, Төреғали Төреәлі, Алтынай Жорабаева секілді аға-әпкелеріммен араласып тұрамын.
Менің ақылшым, кез келген қиындықта көмек сұрайтын, құрметтейтін адамым - ғалым академик профессор, генерал-майор Нұрман Әбенов. Сол кісі ұстазым.
Сонымен қатар министрлікте жұмыс жасайтын Гүлжан Қайыржанқызы ақылшыларымның бірі.
- Әкімдерден көмек сұрап көрдіңіз бе?
- Жоқ. Адам болып тұрған кезімде ешкімнің алдына көмек сұрап бармаймын. Кейде маған аналар келіп «біздің атымыздан әкімге кірші» деп көмек сұрайды. Кейде аянышты көріністерді көремін.
Бармақтай ғана әйел 13-14 жастағы үлкен баланы көтеріп емге әкеледі. Әкелері жоқ, тастап кеткен. Қаншама әйел баласын жетектеп пәтер жағалап жүр. Қиын...
Кейбір науқас балалардың арбалары жоқ. Оларға жазылғаннан кейін осында тастап кеткен адамдардың арбасын береміз.
- Қайырымдылықпен қаншалықты жиі айналысасыз?
- Өте көп деуге болады. Даладағы адамның өзіне қолымнан келгенін жасауға тырысамын. Менің анам да соншалықты мейірімді адам. Қолындағысын таратып береді. Кезінде екі бөлмелі үйде тұрдық. Анам бір әкімнің алдына барып көмек сұраған емес.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Жақында Ақтөбе және Алматы қаласынан клиника ашқым келеді. Ойластырып жатырмын. Менде қазір 19 елде адам емдеуге рұқсат берілген құжат бар.
Шетелдіктер емхана ашуымды жиі сұрайды. Биылдан бастап соны қолға алғым келеді. Ол жерде сал ауруына шалдыққан балаларға ем тегін болады. Массаж, ине салу, сүлік салу, хиджама, түрлі шөптік ем жасағым келеді.
Менің қазіргі міндетім сабағымды оқу, қосымша үйірмелермен өзімді жетілдіру, ата-анама маған неше жылғы жасаған еңбектерін қайтару, ешкімнің сөзін тыңдамай, тек алға жүру.