Қызылорда облысында «Мектепке жол» акция аясында 22000 балаға көмек көрсетілді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. 2019-2020 оқу жылында 293 мектепте 162 684 оқушы білім алуда. Оқушылар контингенті 2018 жылмен салыстырғанда 9000 оқушыға көбейген. Оның ішінде, 1-сыныпқа барған оқушылар саны 1500-ге артты.
Облыс әкімдігінің аппараттық мәжілісінде жаңа оқу жылындағы мектептердегі оқу барысы туралы облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова баяндады.
«Мектепке жол» акция аясында әлеуметтік көмекті қажет ететін 22 мың балаға 332 млн. тг. қаржыға көмек көрсетілді. Міндетті оқу қоры есебінен 25 мың оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылды. Жалпы әлеуметтік жағдайына және басқа да себептер бойынша мектепке бармай отырған балалар тіркелген жоқ. Барлық оқушылар мектептерге толық орналасты. Оқу процесі 1-2 ауысымда жүргізілуде», - деді М.Мелдебекова.
Айта кетейік, алдағы 3 жылда оқушылар контингентінің өсуі күтілуде. 2020 жылы – 171 200 (8440 оқушыға), 2021 жылы – 177 044 ( 5900 оқушыға), 2022 жылы – 183 500 (6400 оқушыға). Биылғы оқу жылынан бастап қаладағы №4, 12, 187, 217, 278 мектептерге IT-лицей статусы беріліп, информатика және робототехника пәндерін тереңдетіп оқытуды бастады.
Қызылордадағы №2 «Мұрагер», №3, 101, 261, 264, 268 мектептерде оқушылардың тығыздығы жоғары, бастауыш сыныптарда орташа 30-35 оқушыдан сынып комплектілері жасақталған. Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкен 4, 9, 10 сынып оқушылары оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.
Күрделі жөндеу бойынша Қармақшы, Жалағаш аудандарындағы 3 мектептің оқу ғимаратының ішкі жұмыстары аяқталып, 1 кыркүйек күні сабақтары басталды. Қосымша ғимараттың жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде, қазан айында толық аяқталады. Оқушылардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі №231 орта мектептің 100 орындық қосымша құрылысы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы №198, 261 мектептердің 350 орынға арналған қосымша құрылыстары қазан айында пайдалануға берілмек.
«Жаңа оқу жылында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашу жоспарланып, оның екеуі қыркүйек айында жұмысын бастады, бірі қараша айында ашылады. Жалпы мектептердегі оқу-тәрбие процесінің қалыпты жүргізілу облыстық білім басқармасының бақылауына алынған», - деп атап өтті басқарма басшысы.