Газ сапасы: ауа айдайтыны рас па?
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Тұрғындар арасында газдың сапасы туралы: жылуы азайды, ауа айдайды деген пікірлер бар. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Тұрғындар тарапынан мұндай пікірлерді естіп жүрміз. Бір ескеретіні, газға ешқашан ауа айдамайды. Ауа қосылса, жарылыс болады. Қызылорда қаласына газ «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбыры арқылы келді. Бұл магистральдан қалаға сағатына 50 мың текше метр газ береді. Ал қыс мезгілінде қалаға қажетті көгілдір отын сағатына 110-120 мың текше метр. Яғни, бұл жетпегендіктен «АГРС-2»-ні салдық. Бұл газ тарату станциясына «көгілдір отын» «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан келеді. Екеуінің айырмашылығы – Ақшабұлақтан келетін ілеспе газдың құрамында пропан көп, ал батыстан келіп жатқан табиғи газдың құрамында пропан аз. Жалпы, стандартқа сәйкес келеді», - дейді басқарма басшысы.
Медет Усаинның айтуынша бұрын ілеспе газды пайдаланған тұрғындар табиғи газ құрамындағы сәл айырмашылықты байқап, түрлі пікірлер тудыратын көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, «көгілдір отын» сапасында ешқандай мәселе жоқ екен.