Қызылордада 2 адамнан 370 келіге жуық сора тәркіленді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Ағымдағы жылдың 12 қыркүйегінде «Көкнәр - 2019» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен Түгіскен елді мекенінен 45 шақырымдай жерде өсіруге заңмен тыйым салынған есірткі затына ұқсас өсімдікті аса ірі мөлшерде өсірген Алматы облысы және Қызылорда қаласының 35-36 жастағы 2 тұрғыны ұсталды.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы қызметкерлерімен қарап-тексеру жұмыстары барысында 228 түп заңмен тыйым салынған сора өсімдігіне ұқсас шөп, кептірілген 74 түп және 80 қапқа салынған есірткі заты, жалпы салмағы 370 кг сора анықталды. Сонымен қатар, оқиға орнынан 2 тіркеуде жоқ тегіс ұңғылы қару алынды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi адамдар тобымен заңсыз егіп-өсіру) және 296-бабының 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтар уақытша ұстау абақтысына оқшауландырылды, сонымен «қамаққа алу» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі қаралуда.