«Қорқыт ата» ескерткіш кешенінің авторы дүниеден өтті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінің тумасы, елімізге белгілі өнертанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, Халықаралық Сәулет академиясының академигі Бек Ибраев дүниеден озды. Сәулетші Түркі әлемінің абызы Қорқыт ата ескерткіш-кешенінің авторы болатын.
Бек Әнуарбекұлы 1947 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Сәулетші Қазақ техникалық университетінің архитектура факультетін және аспирантурасын бітірген. 1970-1974 жылдары осында оқытушы, 1978-1986 жылдары Қазақстан ғылым академиясының Философия және құқық институтында кіші ғылым қызметкер, 1987-1990 жылдары Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, 1990 жылдан «Елдана» жобалау бюросында археолог болып қызмет атқарады.
Оның сәулет өнері саласындағы еңбектері: Қорқыт ата ескерткіші (1980, Қызылорда облысы), Ш.Уәлихановтың мемориалды кешені (1985, бұрынғы Талдықорған облысы), Қабанбай батыр (1990) және Абай кесенесі (1995, Шығыс Қазақстан облысы), Райымбек батыр кесенесі (1992, Алматы қаласы; бәрі де басқа авторлармен бірге) т.б.