Қызылордалық шұлық шығаратын кәсіпкерге «Аға сеньорлар» компоненті көмекке келді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қызылордалық жеке кәсіпкер Айгүл Мұхамеджанова осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын өңірде шұлық шығаруды қолға алған болатын. Цехта күніне 350-400 дана шұлық шығарылады. Бағасы да көңілге қонымды, қалтаға жеңіл – 150 теңгеден.
Кәсіпкер жұмысын жүргізуде біршама қиындықтарға кезіккен соң Кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Палата өз кезегінде кәсіпкерге басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиялары, құрал-жабдықтар мен персоналды оқыту мәселелері бойынша тікелей өндірісте кеңес беру үшін нәтижелі жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетел маманын шақыртуға мүмкіндік беретін «Аға сеньорлар» компонентіне қатысуды ұсынды.
Бұл компоненттің артықшылығы шетелдік сарапшыларды тарту бойынша шығындар (ұшықтың және қызметтер шығыны) республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Тек келген маманның кәсіпкердің нысанында жұмыс жасау барысындағы жатын орны мен ас-суы, сондай-ақ аудармашының (қажет болған жағдайда) шығындарын кәсіпкер көтереді.
Кәсіпкер Айгүл Мұхамеджанова «Аға сеньорлар» компонентінің әлеуетін қолданып, облыстық Кәсіпкерлер палатасы арқылы түркиялық жоғары білікті маман Кенан Йылдырымды алдырды.
«Біз техникаларымызды Қытайдан алдырған болатынбыз. Кезінде қытайлық маман құрал-жабдықты құрып беру барысында мамандарға да жан-жақты түсіндіруі қажет еді. Алайда аудармашының болмауы салдарынан бізде қиындықтар туындап, ол мүмкіндікті пайдалана алмадық. Негізі бұл машинадағы инелерді алты ай сайын майлап, техниканы шашып, қайта жинап тұру керек екен. Соның бәрін Кенан мырза көрсетіп жатыр. Түркиялық маманмен сөйлесуде де аса қиналып жатқан жоқпыз. Себебі өз ұлым Сүлеймен Демирел атындағы колледждің түлегі», - дейді цех басшысы Нұрғазы Болтаев.
Түркиядан арнайы келген сарапшы Кенан Йылдырым Бурса техникалық универститетінің профессоры, инженер, тігін машинасының құрылымын меңгерген кәсіби шебер. Қызылордаға сапары барысында сарапшы маман кәсіпкердің шеберханасындағы тігін машиналарын жөндеудің қыр-сырын жұмысшыларға үйретті. Шетелдік маман 10 күннің ішінде құралдардың барлығын тазалап, тігу дизайнына да өзгерістер енгізіп берді.
«Бұл құрылғылар қолданған сайын ескіріп, жарамсыз болып қалады. Құрылғылардың арасында үнемі қозғалыста болатын бөліктері бар. Аталмыш бөліктер үнемі жұмыс жасап тұрғандықтан көтеру механизмі әбден майдың астында қалып, машина алаңсыз кірлеп қалады. Нәтижесінде құрылғы арқылы тігілген өнімдер дұрыс шықпайды. Сол үшін де тігін машиналарын 6 ай сайын жөндеуден өткізіп тұру керек. Мен осы жолғы сапарымда машиналарға жөндеу жұмыстарын жасап, білген тәжірибеммен бөлістім. Негізгі талап бойынша өндірілетін өнімнің жүзден алпысы мақтадан болуы керек. Жөндеу жұмыстарынан өзге тігу ережелерін де көрсетіп жатырмын», - дейді шетелдік маман Кенан Йылдырым.
Қаламызда бірінші болып шұлық тігу өндірісін бастаған кәсіпкерге әлі де кәсіптің қиын тұстары көп. Сондықтан да кәсіпкер түркиялық маманның көмегімен қоса, өзге өңірлердегі әріптестерімен де қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып отыр.
Шұлықтарды халыққа тиімді бағада ұсынып отырған кәсіпкер болашақта оның ассортиментін көбейтуді мақсат тұтуда.