ҚТЖ Шамалғандағы апаттың мән-жайын мәлімдеді
oldkaz.kyzylorda-news.kz. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы облысындағы Шамалған стансасында жолаушылар автобусымен пойыздың соқтығысуы туралы толыққанды ақпарат берді.
«2019 жылдың 15 қыркүйек күні 19 сағат 08 минутта Алматы жол бөлімшесінің «Ақсеңгір – Шамалған» учаскесінде №43 «Алматы-Қостанай» Жолаушылар пойызы (жеке тасымалдаушы «Турксиб-Астана» ЖШС) автобуспен соқтығысты. Оқиға 4028 шақырымда орналасқан күзетілетін-реттелетін өтпеде болды. №43 жолаушылар пойызы өткелге жақындағанда сигнал беру құрылғылары автоматты түрде іске қосылды. Дыбыстық сигнал қосылды, өту бағдаршамдарының қызыл шырағы жанды. Шлагбаум өткелде тұрған автокөліктің салдарынан соңына дейін түспеген», - деп хабарлады Ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
ҚТЖ-да атап өткендей, өткел кезекшісі жолаушылар пойызын тоқтату үшін тосқауыл бағдаршамын іске қосу бойынша шаралар қабылдаған.
«№43 жолаушылар пойызының машинисі шұғыл тежеуді қолданды, бірақ аз қашықтықтан соқтығысудың алдын ала алмады. Соқтығысу кезінде автобус жол жиегіне шығып кетті. Бірақ, KZ4AC-0010 электровозы рельстен шығып кетпей, бүлінген. Зардап шеккендер бар, саны нақтылануда. №43 пойыз электровозды ауыстырғаннан кейін 01 сағат 38 минутқа кешігіп жолға шықты, пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ», - деп атап өтті ҚТЖ.
Бұл жағдайды тексеру үшін «ҚТЖ«ҰК» АҚ-да арнайы комиссиясы құрылды.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысты. Алдын ала болжам бойынша, автобус темір жолдың релсіне шығып кеткен.
Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі бала.
Қазір аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Істің тергелуін Бас көліктік прокуратура өз бақылауына алды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде поезд бен автобус соқтығысынан жапа шеккендердің туған-туыстарына көңіл айтты.