Қызылорда облысындағы ХҚКО несиені кешіру бойынша 15000 тұрғынға қызмет көрсетті
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда Президенттің Жарлығы бойынша қарыз жүктемесінің төмендеуі мен несиенің бір бөлігін жабу жүріп жатыр. Бұл хабар барша қазақстандықты қуантқаны рас. Алайда халық арасында бұл жеңілдікті кімдер пайдалана алады, қарызы кешірілетіндердің тізімінде болмаса не істеу керек деген сұрақтар туындауда. Сол себепті де бүгінгі таңда ХҚО адамдардың қарасы қалың.
Жарлық бойынша несиенің бір бөлігін жабу көп балалы отбасыларға, асыраушысынан айрылған, мүгедек баласы бар отбасылар, 18 жастан үлкен бала кезінен мүгедектер, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар, 29 жасқа толмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айрылғандарға арналған.
Несиелік рақымшылық – бір реттік. Ол Қазақстанның борыштық жүктемесін төмендетуге және Қазақстанның несие-қаржы жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Негізінде өз мәртебесін тексеру үшін ХҚО келудің қажеті жоқ. Оны enbek.gov.kz, egov.kz сайтына кіріп, өз ЖСН жазып мәртебесін білуге болады. Немесе 111 біріңғай нөмеріне хабарласу қажет. Ең соңынан басқа амал қалмаған жағдайда ғана ХҚКО бару қажет.
Алайда, егер сіздің аты-жөніңіз тізімде болмаса және сіз онымен келіспесеңіз, онда сізге 111, 74-32-20, 75-01-79 және 75-01-78 нөмірлеріне хабарласу керек. Егер сізді тізімнен алып тастау себебімен келіспесеңіз, онда Сізге банкке немесе несие берген микрокредиттік ұйымға жүгіну қажет.
Қазіргі таңда осы науқан кезінде облыс бойынша ХҚО үзіліссіз қызмет көрсетуде. Осы уақытқа дейін ХҚО қарыз жүктемесін жабу мен несиенің бір бөлігін төлеу бойынша 15000 жуық халыққа қызмет көрсетті.