Егер сіз темекіден бас тартсаңыз, 20 минуттан соң…
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Жыл сайын әлемде 7 миллионға жуық адам темекі өнімдерінің кесірінен көз жұмады, деп жазады «Хабар 24».
Мұндай деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеген болатын. Сондай-ақ мамандар әлем экономикасына шылым шегуден 1 триллион доллардан астам шығын келетінін, яғни ем-домға қыруар қаржы жұмсалып, еңбек өнімділігі қатты құлдырайтынын айтады.
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын ауруханаға жататын тұрғындардың 68 пайызы немесе 2 миллионға жуық адам – шұғыл жағдайда жеткізілгендер. Былайша айтқанда, әрбір оныншы адам өміріне қауіп төнбейінше емдеу мекемелерінің табалдырығынан аттамайды деген сөз. Ал өлім-жітім жағынан алғашқы орында тұрған жүрек-қан тамыры аурулары, тыныс алу органдары аурулары мен қатерлі ісіктің қай-қайсысы да шылымқорлық салдарынан болатын дерттер.
Ал темекіден бас тарту адам денсаулығына қалай әсер етеді? Адам ағзасы соңғы шегілген темекіден соң алғашқы минуттардан-ақ өзгеше жұмыс істей бастады.
Сонымен, шылым шегу әдетінен арылған бойда мынадай физиологиялық өзгерістерді сезінесіз:
Алғашқы 20 минуттан қан айналымы ретке келе бастайды және аяқ пен қолдағы саусақтардың сезімталдылығы артады.
Ал 8 сағаттан соң қан құрамындағы көмір тотығы азайып, бұл өз кезегінде қаныңыздағы оттектің қалпына келгенін аңғартады.
Арада 2 күн өткенде ағза никотиннен толықтай тазарады. Яғни сізді темекі шегуге мәжбүрлейтін ұсақ кристалдардың көзі жойылады деген сөз. Дегенмен никотин ағзадан шығып біткенде, шылым шегуге деген құмарлық күрт артып кетуі мүмкін. Мұндайда сақ болғаныңыз жөн.
Сондай-ақ 2 күннен соң дәм сезу рецепторлары қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Сіз тағамның дәмін жақсы айырып қана қоймай, дәмдеуіштерді де аздау қолданатын боласыз. Тиісінше тұз мөлшерінің қысқаруы да денсаулығыңызға пайдалы.
Темекіден бас тартқан адамның 2 күнде иіс сезуі де оңалады. Енді сіз әртүрлі иістерді ешбір қиындықсыз ажырата аласыз.
Төртінші күні өкпедегі кірпікшелі эпителий қалпына келе бастайды. Темекі түтіні тыныс алу жолдарын тазартатын микроскопиялық кірпікшелерді жояды. Бірақ аталмыш кірпікшелер қалпына келу қасиетіне ие.
Арада апта өткенде қан қысымы төмендеп, инсульт, жүрек-қантамырлар, ауруы, жүрек және бүйректегі жетіспеушілік қаупі азаяды.
Екі аптадан кейін жөтел басылады. Әрине, оның бірден жоқ болып кетуі мүмкін емес. Себебі сіздің өкпеңізге зиянды заттардан арылу үшін біраз уақыт керек. Бірақ темекі шегу әдетінен арылған адамның денесі де, ағзасы да тазарып, қалыпты жұмысына орала бастайды.
Ал қан айналымының толықтай қалпына келуі үшін 2 апта қажет. Яғни осы уақытта қан бармақ ұштарына дейін жетеді.
Үш апта. Бұл – терінің қалпына келуі үшін қажет мерзім. Өйткені никотин қанның терінің үстіңгі бөлігіне баруын шектейді. Өз кезегінде мұның салдары адам терісінің өңсіз, құрғақ болуына әкеп соғады. Сондай-ақ никотин коллагеннің бөлінуіне кедергі келтіру арқылы әжімдердің пайда болуына жол ашады.
Арада бір жыл өткенде тістегі тастардың тазарғанын байқайсыз. Сонымен қатар бармақтағы темекі іздері де кетеді. Сары тіс дертінен біржола айығуға мүмкіндік аласыз да ауыз қуысындағы қан айналымы жақсара түседі.
Ісік ауруына шалдығу қаупі төмендейді. Себебі ісік ауруларын тудыратын клеткалар 15 жылдан соң темекі шекпейтін адамның ағзасындағы нормаға оралады.