Басқа өңірлерге тіркеліп, 21 мың теңгені бірнеше жерден алып отырғандар анықталды
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған кейбір отбасылардың коттеджері мен қымбат көліктері болған. Табысын жасырған отбасылар туралы «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көптеген отбасы үшін атаулы әлеуметтік көмек – өмірлік өте қиын жағдайлардан шығар жол болды. Әйтсе де, кейбір адамдардың заң мен ережелерді аттап өтіп, жағдайды пайдаланғысы келетіні өкінішті. Ондай адамдар мемлекетті ғана емес, өз-өздерін де, басқа азаматтарды, көршілерін, достары мен туыстарын алдап жатыр. Себебі, бұл ақшаға шынында да, қажетті нысандарды салуға болар еді. Атаулы әлеуметтік көмек алушы 21 мың отбасы өздерінің шынайы табысын жасырған. Әу баста кейбіреулері әдейі табысын жасырып, айырылысып жатса, қазір басқа өңірге тіркеліп, бірнеше жерден алу үрдісі байқалуда. Мұндай фактілерді анықтауда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірге орасан еңбекті атқарып келеді», - деді Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, мамандар үйді аралау кезінде өте жақсы тұратын азаматтардың АӘК алып отырғанын анықтаған.
«Коттедждері мен қымбат көліктері бар болған. Осы сөзге дәлел бола алатындай видеолар мен фотосуреттерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бізге жолдады», - деді ол.
Еске сала кетсек, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұған дейін АӘК алушы 21 мыңнан астам отбасы нақты табысын жасырғанын хабарлаған болатын.