Қызылордалық ХҚКО қызметкерлері «Ана мен бала» орталығында болды (ФОТО)
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Отбасы күні мен аналар күні қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиал қызметкерлері «Ана мен бала» орталығында болып, мереке қарсаңында дүние есігін ашқан нәрестелер мен олардың аналарын құттықтады.
Шара барысында мамандар жаңа босанған аналарға бала тууына байланысты мемлекеттік қызметтерді смс-тің көмегімен онлайн түрде проактивті рәсімдеу жолдарын үйретті.
Айта кетейік, Қазақстан осыдан 1,5 жыл бұрын ТМД мемлекеттерінің арасында алғашқы болып проактив әдісімен мемлекеттік қызметтер көрсете бастаған болатын. Бала тууына байланысты үш мемлекеттік қызметті бірден алуға мүмкіндік беретін проактив қызметі аясында жаңа босанған аналарға құттықтау хабарламасы жолданып, перзентханадан шықпай-ақ, баланың туу туралы куәлігіне тапсырыс, әлеуметтік жәрдемақының тағайындалуына өтініш беріп, балабақша кезегіне тұру ұсынылады.
Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша проактивті қызметі арқылы 6473 мың баланың туу туралы құжаты рәсімделіп, бала тууға байланысты берілетін жәрдемақы 951 балаға СМС арқылы тағайындалды, 1039 бала балабақша кезегіне қойылды.
Сонымен қатар, мемлекеттік корпорация атаулы күнге орай аналар арасында «Анаға цифрлық жәрдем» атты байқау жариялаған болатын. Байқау шарты бойынша құжаттар мен жәрдемақыны проактивті тәсілмен онлайн түрде рәсімдеген ата-аналар «Азаматтарға арналған үкіметтің» инстаграм желісіндегі gov4c.kz ресми парақшасына тіркелуі және өз тәжірибесімен бөлісіп, әлеуметтік желіде пост жазуы тиіс. Ең үздік деп танылған 3 жазба авторлары bebek.kz интернет-дүкенінен «Sweety» брендінің жөргектерін бір ай бойы алуға мүмкіндік беретін сертификатқа ие болады. Жұбаныш сыйлығы ретінде тағы бес жеңімпаз балалар азығын, ыдыс-аяғын, күтім құралдарына қосымша сертификат алады. Байқау жеңімпаздары 15 қыркүйек – Аналар күні анықталатын болады.