Асхат Сайлау: Алтын орданың 750 жылдығын ұлықтау қазақ халқының рөлін бекемдей түсетіні анық
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға арналған тұңғыш Жолдауында айтылған Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын ерекше атап өту шарасы әлемдік қауымдастықта қазақ халқының рөлін бекемдей түсетіні сөзсіз. Тарихқа көз жүгіртсек Алтын Орда мемлекетінің мәдени, саяси, әлеуметтік өмірінде Сыр өңірінің маңызды рөл атқарғаны анық. Себебі, Сыр бойында орналасқан әйгілі Сығанақ қаласы алтын үзікті орданың оң қанаты саналып, кейін дербес саясат жүргізген Ақ Орданың астанасы мәртебесіне ие болды. ХІҮ ғасырда Ақ Орданың атақты билеушілері Мүбәрәк қожа, Ерзен, Орыс, Барақ хандар билік еткен тұста Сығанақта ғажайып сәулет ғимараттары салынып, ғылым мен мәдениеттің орталығына айналды. Оған куә "Миһман – нама-ий Бұхара" ("Бұхаралық қонақтың жазбалары") шығармасындағы:
Шыққан мұнда ғұлама да, дана көп,
Айтады жұрт қасиетті қала деп.
Қайта туу нәсіп болса, дүние-ай,
Қайтып осы Сығанақты қалар ек, – деп жазған өлең жолдары тарих бетінде мәңгі қалды.
Осы кезеңде түркі мәдениетінің қайта өрлеу дәуірі басталып, Сыр өңірінде әдебиет жауһарлары атанған ақын Құтбтың Тыныбек ханға арнаған сүйіспеншілік пен шынайы махаббатты үлгі ететін «Хұсрау мен Шырын» поэмасы, пайғамбарлар өмірі қамтылған Насыраддин ибн Бурхан-ад-дин ар-Рабғұзидің «Қиссас-ул-Әнбия» шығармасы, әдебиеттің ең көрнекті үлгісі саналатын ақын Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастаны өмірге келді. Осылайша Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірі қазақ халқының қалыптасуының негізгі ұйытқысына айналып, иісі түркі өркениетінің бастауында тұрды.
Қорыта айтқанда Жолдауда айтылған Алтын Орданың 750 жылдығын жоғары дәрежеде атап өту, Сыр бойылықтардың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы бір белесі болмақ.
Асхат САЙЛАУ,
облыстық музейдің ғылыми хатшысы
облыстық музейдің ғылыми хатшысы