Қазақстанда қыз алып қашу ауыр қылмыс санатына жатқызылды
Қылмыстық кодекстке қыз алып қашуға қатысты бөлек бап жоқ. Алайда адам ұрлау үшін жауапкершілік қарастырылған. Бас прокуратура қыз алып қашқан жігіттердің жауапкершілігі туралы мәлімдеді.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың айтуынша, қылмыстық кодекстке қыз алып қашуға қатысты бөлек бап жоқ. Алайда адам ұрлау үшін жауапкершілік қарастырылған.
«Енді, ондай жағдайлар әртүрлі болады ғой. Егер қызды зорлап, алып қашып жатса, ол адам ұрлау қылмысы болып саналады. Осы қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ондайда ешқандай татуласу болмайды. Енді, өмір болғасын, әртүрлі жағдай болады, адамның әрекетіне қарай құқықтық баға беріледі», - деді Ахметжанов.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 125-бабына сәйкес, адамды ұрлағаны үшін төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал осы қылмыс адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып, кәмелетке толмаған адамға немесе жүктi әйелге қатысты жасалса, кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді. Сондай-ақ, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.