Нығматулин Нұрлан Әлімжановқа депутаттардың көзінше ескерту жасады
oldkaz.kyzylorda-news.kz. Парламент мәжілісінің жаңадан тағайындалған депутаты Нұрлан Әлімжанов ант берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Пленарлық отырыстың басында спикер Нұрлан Нығматулин әртісті депутаттардың қатарына қосылуымен құттықтады. Бірақ Әлімжанов орнынан тұрған жоқ. Мәжіліс төрағасы әртіске ескерту жасады.
"Қайда Нұрлан? Тұру керек. Ал біз саған қол шапалақтаймыз. Отыр", - деді Нығматулин.
Осыдан кейін Нұрлан Әлімжанов ант берді. Ал бұған дейін ант берген депутат Гүлшара Әбдіқалықова оны әлеуметтік даму комитетінің құрамына қабылдауға өтініш жасады. Депутатар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.
Естеріңізде болса, 4 қыркүйек күні мәжіліске жаңадан келген үш депутат - Гүлшара Әбдіқалықова, Нұржан Әшімбетов және Жұлдыз Омарбекова ант берген болатын. Сол кезде белгілі актер Нұрлан Әлімжанов келген жоқ.
Танымал актер әрі әнші, "Елбасы жолы" киноэпопеясында Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған Нұрлан Әлімжанов жақында депутат мандатын алған еді. Алайда ол мәжілістің жаңа сессиясының алғашқы отырысына қатысқан жоқ.